​1 шілдеден бастап зейнетақы өседі

0
2 536

Базалық зейнетақы азаматтар жалпы белгіленген зейнеткерлік жасқа толған уақыттан бастап қана тағайындалады.


​1 шілдеден бастап зейнетақы өседі

фото beta.abctv.kz

ERNUR.KZ.2018 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай базалық төлемдер қайта есептелетін болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Базалық зейнетақы азаматтар жалпы белгіленген зейнеткерлік жасқа толған уақыттан бастап қана тағайындалады. Бұл өзгерістер зейнеткерлікке жаңадан және бұрын шыққан тұлғаларды қамтып, 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы қайта есептеледі.

Қазіргі таңда Қазақстанда мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 15 274 (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%) теңгені құрайды. Бұл төлемақының көлемі еңбек өтіліне қарамастан, барлық зейнеткерлер үшін бірдей.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай қайта есептеледі. Есептеу барысында тұлғаның 1998 жылғы 1 шілдеге дейінгі ынтымақты зейнетақы өтілі мен содан кейінгі жинақталған өтілі ескеріледі.

Егер адамның жұмыс өтілі болмаса немесе 10 жылдан кем болса, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әр жылдың жұмыс өтілі үшін базалық зейнетақы 2 пайызға өседі. Мысалы, 20 жылдық қатысу өтілі болса, базалық зейнетақы көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74 пайызын, 30 жылдық қатысу өтілі – 94 пайызды құрайды. Егер қатысу өтілі 33 жыл және одан да артық болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызын, яғни 28 284 теңгені құрайды.

Зейнетақы өтіліне ынтымақты жүйеде атқарған еңбек өтілі (1998 жылғы 1 қаңтарға дейін), міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңді қамтитын жинақтаушы өтілі, 3 жасқа дейінгі бала күтімі, бала кезінен мүмкіндігі шектеулі тұлғаның 16 жасқа дейінгі күтімі, әскери қызметтегі, арнайы мемлекеттік органдағы, дипломатиялық жұмыстағы жұбайымен бірге тұрған кезең және т.б. кіреді.

Бұл өзгерістер зейнеткерлікке жаңадан және бұрын шыққан тұлғаларды қамтып, 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы қайта есептеледі.

Айта кету керек, мемлекеттік базалық зейнетақыны қайта есептеу процесі автоматты түрде жүргізіледі, сондықтан зейнеткерлерге ешқайда жүгінудің немесе құжат тапсырудың қажеті жоқ.

Дереккөз: gov4c.kz сайты