10 қараша – Дүниежүзілік жастар күні

0
334

Бүгінде біздің еліміздегі әрбір үшінші тұрғын «жастар» санатына жатады екен.


10 қараша – Дүниежүзілік жастар күні

Адамзат қоғамында елеулі тарихи оқиғаларға баланысты туындаған түрлі атаулы күндер бар. Солардың бірі – әлем елдерінде жыл сайын атап өтіліп, тәрбиелік мәні зор іс-шаралар ұйымдастырылатын «Дүниежүзілік жастар күні». 10 қарашаға белгіленген бұл мереке Дүниежүзілік демократиялық жастар федерациясының құрылуына орай пайда болған. Бұл оқиға сонау екінші дүниежүзілік соғыс түйінделгеннен кейін, 1945 жылдың 29 қазанынан 10 қарашасына дейін Лондон қаласында өткен Дүниежүзілік жастар конференциясында орын алған. Шын мәнінде бұл жиын фашизмге, соғысқа қарсы жастардың бастамасымен шақырылған болатын. Конференцияға түрлі саяси топтар мен діни ағымдарға мүше болған 30 миллионнан астам жас шақырылып, алпыстан астам этносқа қарасты жастар қозғалысының өкілдері бас қосты. Сол сәттен бастап аталған жастар ұйымдарының халықаралық бірлестігі – түрлі саяси және діни, нәсілдік және ұлттық көзқарастарды бөле жармай, бүкіл әлемдегі жастарды біріктіретін демократиялық орталыққа айналды. Тиісінше көптеген жылдар бойы Дүниежүзілік демократиялық жастар федерациясы бейбітшілік, жастар құқықтары, халықтардың тәуелсіздігі, прогрессивті жастардың халықаралық бірлігін нығайту, отаршылдыққа, неоколониализмге, фашизмге және нәсілшілдікке қарсы күрес жүргізіп келеді. Оның үстіне бұл ұйым БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік Кеңесі жанындағы консультативтік мәртебеге ие.


БҰҰ-ның деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта дүниежүзінде 15-24 жас аралығындағы 1 миллиард 200 миллион азамат бар екен. Бұл әлем халқының 16 пайызына тең. Ал, 2030 жылға қарай жастардың саны шамамен 1,3 миллиардқа жетеді деп болжануда. Сәйкесінше ұйым жастарға әлеуеттерін іске асыру үшін қажетті білім мен мүмкіндіктер берілсе, даму саласында маңызды рөл атқара алады деп санайды.


Енді жастар федерациясы тарихындағы елелулі іс-шараларға тоқталсақ. Негізі бұл ұйым өткізетін ең танымал шара – жастар мен студенттер фестивалі. Ең алғашқы фестиваль 1947 жылы Прагада өткізіліп, оған 17 мың адам қатысқан. Ал, 1957 жылы Ресей астанасы Мәскеуде өткізілген фестивальге 131 елден 34 мың жас жиылған. Жалпы, әлемнің әртүрлі елдерінде барлығы осындай 19 фестиваль өткізілген: Венгрияда (1949), Германияда (1951, 1973), Румынияда (1953), Польшада (1955), Австрияда (1959), Финляндияда (1962), Болгарияда (1968), Кубада (1978, 1997), Қытайда (1989), Алжирде (2001), Венесуэлада (2005), Оңтүстік Африка Республикасында (2010) және Эквадорда (2013). 2017 жылы Мәскеуде өткізілсек, 2024 жылдың ақпан-наурыз айларында тағы да осы елде жас көшбасшылар бас қоспақ. Оны өткізу орны ретінде «Сириус» (Краснодар өлкесі) федералды аумағы таңдалған. Ауқымды жиынға 20 мың адам қатысса, оның 10 мыңы шетелдіктер болмақ. Конференцияға 180-нен астам елдің өкілдері қатысуға өтінім берген екен. Олардың қатарында қазақстандық жастардың болатыны айтпаса да, түсінікті.


Жалпы мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты бір, ол – жастарды қазіргі заманның әлемдік міндеттерін шешуге тарту. Атап айтсақ, құқықтар мен бостандықтарды қорғау, әлеуметтік теңсіздікпен күресу, жер бетіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету.


Біріккен ұлттар ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, дүниежүзінде жастар саны көбейіп келе жатыр. Сонымен бірге, жастардың қоғамдағы ерекше рөлін мойындау да қалыптасуда.


Осы ретте мереке аясында түрлі елдерде ағартушылық іс-шаралар, көрмелер мен флешмобтар ұйымдастырылады. Қоғамдық ұйымдардың өкілдері жастардың мәселелері және олардың құқықтарын қорғау туралы жобалар дайындайды. Семинарлар мен конференцияларда заңнаманы жетілдіру шаралары, халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланып жатады. Ал, бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі оқиғаларға негізделген сюжеттер шығарылып, жас ғалымдар, кәсіпкерлер, танымал белсенділер мен жастар қозғалысының жетекшілері туралы деректі фильмдер және хабарлар таратылады.


Бір қызығы, әлемде Рим Папасы Иоанн Павел II бастамашы болған тағы бір «Дүниежүзілік жастар күні» бар. Дегенмен, бұл мереке католик жастарының басын біріктіреді және бастапқыда барлық Епархияларда әр «Пальма жексенбісінде» өткізілген. Ал 12 тамызда Біріккен Ұлттар ұйымының (БҰҰ) қолдауымен «Халықаралық Жастар күні» ауқымды іс-шаралармен атап өтіледі.


Бүгінде біздің еліміздегі әрбір үшінші тұрғын «жастар» санатына жатады екен. Тиісінше еліміздің «ең жас» өңірлерінде 35 жасқа дейінгі тұрғындар үшін жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары жұмыс істейді. Ал, өткен жылы Қазақстанда «жастар» санаты кеңейіп, қазір 14 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар «жастар» болып саналады. 2023 жылдың басында елімізде жастар қатарына жататын 6,05 миллион адам тіркелген. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 17 мыңнан астам адамға артық. Осылайша жастар ел халқының 30 пайызға жуық үлесін алып отыр.


Жастар – тұрғын үйге аса мұқтаж халық санаттарының бірі. Сондықтан елімізде бұл мәселе жиі-жиі көтеріліп келеді. Бұл тұрғыда, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы жастарын мысалға келтіре отырып, жастар үшін баспана қол жетпейтін арман болмауы керек екенін айтты. Ал, Қарағанды облысының халқымен кездескенде: «жас мамандарға тұрғын үй сатып алуға қолдау көрсету өте маңызды», - деп атап өткен.


Қазақстан Республикасында 2004 жылғы 7 шілдеде «ҚР Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң қабылданған. Бұл құжатта жастардың әлеуметтік және саяси құқықтарын, еңбек және жұмыспен қамту саласындағы кепілдіктерді қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың тұрғын үйге қатысты проблемаларын шешуге жәрдемдесу жөніндегі мемлекеттік органдар қызметінің міндеттері, қағидаттары мен негізгі бағыттары айқындалған.


Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің жастар саясаты департаментінің директоры Нұрлан Өтешев: «Мемлекетіміздегі жастар саясатының басты міндеті – азаматтарды әлеуметтендіру», - деген болатын. Тиісінше осы бағытты жүзеге асыруға көптеген бағдарламалар бағытталғанын жеткізген. Оның айтуынша, бүгінде жас ұрпақтың саяси және қоғамдық белсенділігінің айтарлықтай өсуі байқалады. Мәселен, соңғы екі жылда республикадағы жастар ұйымдарының саны екі есеге көбейген. Бұл дегеніміз қазақ жастарының таным көкжиегі бұрынғыдан да кеңейіп, жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға ынталары артып жатыр деген сөз.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ