100 рет қажылыққа барған Амангелді Еренғайыпұлының дүркіреген тойы қызу талқыға түсті.
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде 100 рет қажылыққа барған Амангелді Еренғайыпұлының ұлан-асыр той жасаған видеосы тарап, қызу талқыға түсті. Осыған байланысты ҚМДБ өкілі пікір білдірді, деп жазады Qamshy.kz.
ҚМДБ өкілі Хасан Аманқұловтың айтуынша, жағдайы бар адамға өмірінде бір рет қажылық жасау парыз болады екен.
"Жалпы мұсылман адам жағдайы болса өмірінде бір рет қажылық жасау парыз болады. Ал жағдайы жоқ адамға Қажылық жасау парыз болмайды, Алла Тағаланың алдында күнәхар болып есептелмейді. Ал екінші, үшінші рет жасалған қажылық нәпіл болып есептеледі. Яғни барса сауабын алады, бармаса күнә болып есептелмейді. Дегенмен қосымша ораза ұстауды, намаз оқуды, умра және үлкен қажылыққа баруды, яғни парыз емес, нәпіл амалдарды барынша жасырын жасаған дұрыс",- дейді Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары. Сондай-ақ ҚМДБ өкілі қажылық жасағаннан кейін дүркіретіп той жасауға қатысты да өз пікірін білдірді.
"Рия (көзбояушылық – Ред.) деген секілді жаман қасиеттер бар. Адамдар көрсін, естісін, таңғалсын деген ниет болса, жасаған амалынан ешқандай сауап болмайды. Бірақ мұндай ниет болмаса да, рия жасаған секілді көрінетін нәрседен де барынша сақтанған абзал", - дейді Хасан Аманқұлов.
Осыдан 5 жыл бұрынғы kazislam.kz сайтына берген сұхбатында Амангелді Еренғайыпұлы алғашқы 2 қажылығы өзі үшін, ал қалғаны Мекке мен Мединаға барушыларға жетекшілік ету үшін екенін айтқан.
Qamshy.kz ақпарат агенттігі Амангелді Еренғайыпұлына да хабарласып, не себепті ұлан-асыр той жасағанын білмек болды. Алайда ол қоңырауға жауап бермеді.