"100 жаңа оқулық": Аударылған кітаптар негізінде онлайн крустар ұйымдастырылады

0
3 116

Бүгін ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының аралық нәтижелерін сараптауға арналған «100 жаңа оқулық: тілдің жаңғыруы және ғылым мен білім беру жүйесінің қайта қосылуы» атты эксперттік кездесу өтті.


фото: Нұржас Жақсыбай

Бүгін елордада «100 жаңа оқулық: тілдің жаңғыруы және ғылым мен білім беру жүйесінің қайта қосылуы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ERNUR.kz baq.kz – ке сілтеме жасап.

Жиында Ұлттық аударма бюросының жоба басшысы Әлібек Қисыбай алдағы уақытта қазақ тіліне аударылған кітаптар негізінде онлайн оқыту курстары ұйымдастырылатынын айтты

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша шет тілінен қазақ тіліне 18 кітап аударылғаны мәлім. Бұл кітаптар Мемлекет басшысына таныстырылған еді.

«Бұл жобаны іске асыру бірқатар аса маңызды және жүйелі мәселелерді шешуге жол береді. Біріншіден, гуманитарлық бағыт бойынша әлемнің іргелі 100 оқулығы қазақ тіліне аударылады. Сол арқылы тілдің дамуына аса қажетті ғылыми мазмұн және лексика дамиды. Екіншіден, гуманитарлық салалар бойынша оқитын студенттердің заман талабына сай білім алуына жағдай жасалады. Біздің оқу орындардағы мазмұн және академиялық талқы деңгейі әлемнің ілгері ғылыми орталықтарының деңгейіне шығады. Үшіншіден, аса ауқымды аударма жобасы Қазақстандағы аударма мектебінің күшейіп, жетілуіне жағдай жасайды. Өздеріңіз білетіндей, осыған дейін Қазақстанның аударма мектебі көбіне әдеби аудармаға негізделген болатын. Бұл жоба арқылы біз ғылыми аударманы тікелей қазақ тілі арқылы аударуына жол ашамыз. Және де ол аудармашы мамандар, ғалымдар мен оқытушылардың жаңа негізде жұмыс істеуіне алғышарт болады. Бұл тек аудару процесі ғана емес, сонымен қатар, гуманитарлық сала ғалымдарын кітаптарды талқылауға тартуға, шетелдік әріптестермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Төртіншіден, «Цифрлық Қазақстан» жобасына сәйкес және әлемдегі білім беруде онлайн оқу курстарының қарқынды дамып келе жатқанын ескере отырып, аударылған оқулықтар негізінде мультимедиялық интерактив лекциялар топтамасын дайындау қарастырылған. Онлайн оқыту курстары виртуалды негізде жұмыс істейтін Қазақстанның ашық университеті арқылы еркін таратылып, әсіресе аймақтық оқу орындарының студенттері мен оқытушылары үшін ерекше пайдалы болмақ», - деді Әлібек Қисыбай.

Атап өтсек, бүгін ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының аралық нәтижелерін сараптауға арналған «100 жаңа оқулық: тілдің жаңғыруы және ғылым мен білім беру жүйесінің қайта қосылуы» атты эксперттік кездесу өтті. Жиында Әлібек Қисыбай қазақ тіліне аударылған кітаптар мамыр айының соңына дейін жоғарғы оқу орындарына жеткізілетінін айтқан болатын.