14 мыңға жуық жігіт әскерге шақырылады

0
2 671

Наурыздан бастап мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді шақыру басталады.


14 мыңға жуық жігіт әскерге шақырылады

иллюстрациялық фото: ғаламтордан

ERNUR.KZ. 13,5 мыңнан астам 18-27 жас аралығындағы мерзімді қызметтегі әскери қызметші көктемгі шақыру кезінде еліміздің Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қатарын толықтырады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы полковник Сәкен Жүсіпов мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

Еске сала кетсек, 5 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шақыру науқанының басталуы туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Қорғаныс ведомствосы әскерге шақыруды 1 шілдеде аяқтауды жоспарлап отыр. Сәкен Жүсіпов коронавирус инфекциясының таралу қаупіне байланысты қорғаныс ведомствосы қабылдап жатқан алдын алу шаралары туралы хабардар етті.

Ол сондай-ақ әскерге шақырылушылардан екі рет, яғни, әскерге шақыру кезінде және әскери бөлімдерге келген кезде құрама пункттерде ПТР-талдама алынатынын айтты. Жаңа шақырылушыларға екпе жүргізу қызмет өткеру орындарында ұйымдастырылады. Қорғаныс министрлігінің өкілі хабарлағандай, биыл шақырылуға жататын азаматтарды хабардар етудің жаңа тәсілі қолданылатын болады.

Пандемия жағдайында қарым-қатынасты азайту үшін цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 1414 сервис қызметі пилоттық режимде SMS-хабарламалар жібереді. Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы Департаментінің бастығы әскери қызмет – бұл әрбір жастың конституциялық міндеті екенін, ал оны өтуден жалтару қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті көздейтінін еске салды.

Сәкен Жүсіпов әскерге шақыруға байланысты барлық рәсімдер кеңес бере отырып, барынша ашық форматта ұйымдастырылатынын мәлімдеді. Ол үшін жергілікті әскери басқару органдарында электрондық пошта жәшіктері мен әлеуметтік желілерде ресми аккаунттар құрылды.