2021 жыл өткен жылға қарағанда жағымды әрі жайлы болады - астролог

0
3 243

Астрологтың айтуынша, қыс айларында барынша сақ жүріп, денсаулыққа көбірек көңіл бөлген жөн.


2021 жыл өткен жылға қарағанда жағымды әрі жайлы болады - астролог

ERNUR.KZ. Алдағы жыл қандай болатынын астролог, нумеролог мамандар айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«2021 – ЖАҺАНДЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР ЖЫЛЫ»

Белгілі астролог Ерлан Мұқашев болжамының 80 пайызы дұрыс келетінін айтады. Оның айтуынша, келер жылы әлемді түрлі өзгерістер күтіп тұр екен.

«Тышқан жылы басталғалы бері көп қиындық туындағаны рас. Көзқарасымыз өзгеріп, етек-жеңімізді жиғандай болдық. Бірақ жаңа 2021 жыл өткен жылға қарағанда жағымды әрі жайлы болады. Вирустың екінші толқынына аяқ басып жатқанымызбен, халыққа жаз айларындағыдай қатты ауыртпашылық түспейді. Себебі, біз қазір коронавирустың қай жағдайда тез жұғатынын және одан төнер қауіптен хабардармыз. Мемлекет тарапынан дер кезінде жасалатын шаралардың арқасында екінші толқынды ойдағыдай өткереміз. 2021 жылдың екінші жартысында елдің ахуалы бірқалыпқа келеді. Жыл соңына дейін ақырындап вирустың тарау екпіні төмендеуі тиіс», - дейді астролог.

Астрологтың айтуынша, қыс айларында барынша сақ жүріп, денсаулыққа көбірек көңіл бөлген жөн. Сондай-ақ келер жылы жаңа заң реформалары еңгізіліп, жастардың білім алу жолында жағымды жаңалықтар болады-мыс.

«Жалпы, 2021 жылды жаһандық өзгерістер жылы деп айтар едім. Себебі, әлемде дүниежүзі халқының саяси санасын жаңартатын жаңа технологиялар пайда болады. Индивидуализмге көбірек көңіл бөлінеді. Әлемдік жағдай үнемі өзгерісте болып, жаңа дүниелер жиі жарияланып отырады. Мемлекетімізде демократияландыруға қатысты жаңа реформалар еңгізіліп, жастардың білім алу жолында да жағымды жаңалықтар күтіледі. Дегенмен, жарияланған жаңа заңдарда көптеген түсініспеушіліктер болуы да мүмкін. Халық тарапынан наразылықтар туып, жер-жерлерде шеру өтуі мүмкін. Бірақ, бұл наразылықтар үлкен саяси сілкініске әкелмейді. Керісінше, халықтың наразылығы ескеріліп, жаңа жобалар оң бағытта жүзеге асатын болады. Жалпы айтқанда, дағдарыс арқылы тың дүниелерге жол ашылады. Елдіегі ахуал қалыпқа түседі. Қарапайым халыққа айтарым, елдегі қазіргі қиыншылық, дағдарысқа тек байсалдылықпен қарап, позитивті жағына көбірек ұмтылғанымыз абзалырақ болады», - деді ол.

«БЕЙНЕТТІҢ ЗЕЙНЕТІН КӨРЕТІН ЖЫЛ БОЛМАҚ...»

Нумеролог маман - елордалық Айдана Кәкеннің болжамына сәйкес, өткен жыл тазару жылы болса, келер жылы сол бейнеттің зейнетін көруге мүмкіндік туады. Нумеролог маман әлемде болып жатқан әрбір оқиғаны қабылдай білу керек екенін айтады.

«Әлемде болып жатқан жақсылы-жаманды оқиғалардың өз уақытында болғаны дұрыс. Ештеңе жайдан-жай болмайды және қандай жағдайдың да артында үлкен мән жатыр. Осындай қиын шақтардың арқасында көп нәрсенің қадірін түсіндік. Мұндай оқыс оқиғаларды қабылдай білуіміз қажет. Ал, жаңа 2021 жылға келсек, жылдың ең мықты тербелісі 5 санын береді. Бес саны қашанда үздік сан болып есептеледі. Бестік баға, бес жұлдыз деп айтып жатамыз ғой. «Әрбір бейнеттің артында зейнет бар» демекші, өткен 2020 жыл 4 санына, яғни, қаталдықтың, тәртіптің, тазару мен адамдардың тұрақтылыққа келу жылы болса, келер жыл сол бейнеттің зейнетін көретін, аяқтан нық тұратын жыл болады. Және бес саны әйел адамдардың көңілі толатын сан болып есептеледі. Бұл санда тікелей жасырын әйел энергиясы бар. Яғни, нәзік жандылар бұрынғыдай ізденіс, жанталас, ауыртпалықтан босап, көңілі тынышталатын уақыт. Ал, әйел бақытты болса, әлем бақытты болатынына мен толықтай сенемін», - дейді Айдана.

Маманның айтуынша, 2021 жылдың мамыр айы бәрінің тұрақталып, толығатын уақыты және сиыр жылы молшылық пен берекенің белгісі.

«Нумерология тұрғысынан қарасақ, бес пен бес кездесетін уақыт өте үлкен өзгерістің уақыты. Мысалы, өткен жылы 4 пен 4 кедескен кез сәуір айымен тұспа-тұс келді. Бұл ай әлем бойынша вирустың нағыз өршіген уақыты саналды. Сандар бір-бірімен кездескен сәтте, болып жатқан оқиғалар не қатты өршиді немесе керісінше төмендейді. Өз болжамым бойынша, келер жылдың мамыр айында барлығы реттеліп, орнына келеді деп ойлаймын. Біраз тұрақталатын боламыз.

Қожанасырдың «Шорт болсын, морт болсын, балаларға сүт болсын» деген керемет сөзі бар. Сиыр жылы ақтың, берекенің бастамасы. Қазақ жыланның да басына ақ құйып шығаратын болған. Сиыр - нағыз берекелі жыл, келер жылы дауыл, су тасқыны сияқты табиғи апаттардан аулақ боламыз. Осы жыл халқымыздың қаншалықты мейірімді, жанашыр екенін көрсетті. Осындай сабырлықтың арқасында кез келген мәселені жеңіп шығарымыз сөзсіз. Сондықтан жыл соңына таяған уақытта халықты тек тыныштыққа, қобалжымауға, бірлік пен татулықты сақтауға шақырғым келеді», - деді нумеролог.