2023 жылдан бастап егін түсімін есептеуде ғарыштық мониторинг деректері пайдаланылады

0
694

ФАО-ның ілкі жобасы әкімшілік деңгейде өнімділік туралы ақпарат алуға және машиналық оқыту негізінде өнімділікті болжау модельдерін пайдалануға мүмкіндік береді.


2023 жылдан бастап егін түсімін есептеуде ғарыштық мониторинг деректері пайдаланылады

ERNUR.KZ. 2023 жылдан бастап егін түсімін есептеуде ғарыштық мониторинг деректері пайдаланылады. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп жазады ҚазАқпарат.

«Негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы өнімін жинау жөніндегі деректерді жетілдіру мақсатында 2023 жылдан бастап жекелеген дәнді дақылдардың өнімділігі, егіс алаңы және жалпы жиналымы бойынша ғарыштық мониторинг деректерін пайдалану жоспарланған. Мәселен, биыл Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының статистикалық қызметті жүзеге асыру кезінде Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) деректерін алу және пайдалану жөніндегі құзыреті күшіне енді. Халықаралық әріптес – Польшаның статистикалық кеңсесімен бірлесіп осы жылғы маусымда Қазақстан статистикасында ЖҚЗ жүйелерін пайдалану жобасын іске асыру бойынша гранттық қолдау алу үшін Еуропалық ғарыш агенттігіне өтінім жолданды», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-Министрдің атап өтуінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (бұдан әрі – ФАО) әзірлеген «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін деректерді қашықтықтан зондтау және далалық жинау негізінде өнімділікті бағалау әдістемесін жақсарту» ілкі жобасын енгізу жұмысын жүргізіп жатыр. Оның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы алқаптарының мониторингі және олардың өнімділігі үшін қолда бар деректерді пайдалана отырып қашықтықтан зондтау, құралдар мен әдістемелерді сынау, әзірлеу және жетілдіру. ФАО-ның ілкі жобасы әкімшілік деңгейде өнімділік туралы ақпарат алуға және машиналық оқыту негізінде өнімділікті болжау модельдерін пайдалануға мүмкіндік береді.

«Осы әдіспен алынған мәліметтер жалпы жинау туралы дұрыс статистикалық ақпаратқа ие болуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда ҚР АШМ мен ФАО арасында келіссөздер жүргізіліп жатыр. Кейін жобаны іске асыру туралы келісімге қол қойылады. Осылайша, ауыл шаруашылығы статистикасын қалыптастыруды жетілдіру жөніндегі жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі және ауыл шаруашылығы деректерін дұрыс есепке алу бойынша қажетті шаралар қабылданады», - деді Әлихан Смайылов.