2024 жылы жұмыс істемейтін кәсіпорындар декларация толтыра ма

0
602

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың III кезеңі басталады.


2024 жылы жұмыс істемейтін кәсіпорындар декларация толтыра ма

ERNUR.KZ. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды 1 қаңтардағы жағдай бойынша заңды тұлғаның басшысы, құрылтайшысы, жеке кәсіпкер және олардың жұбайы ұсынуға тиіс, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Өндірістік емес төлемдер, жеке тұлғалар және арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру департаменті басқармасының басшысы Дина Құсайынованың айтуынша, декларацияны жеке кәсіпкерлер, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың заңды тұлғаларының басшылары, соның ішінде директорлар кеңесінің төрағалары, заңды тұлғаның алқалы басқару органының бірінші басшылары, жеке басшылар, тұрғын үй/саяжай кооперативтерінің төрағалары, заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен қатысушылары тапсыруға міндетті.

Филиалдар мен өкілдіктердің басшылары, тұрғын үй/саяжай кооперативтерінің мүшелері және діни бірлестіктердің бастамашы-азаматтары мұндай декларацияны тапсыруға міндеттелмейді.

«Бұл талаптар жұмыс істемейтін және уақытша тоқтатылған кәсіпорындарға да қолданылады. Сондықтан болашақта кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғысы келмейтін кәсіпкерлерге жыл соңына дейін жұмыс істемей тұрған жеке кәсіпкерлікті жабуды ұсынамыз. Ал заңды тұлғалардың жыл соңына дейін таратуға уақыты болмайды, сондықтан олар міндетті түрде декларация тапсыруға мәжбүр болады», – деді Дина Құсайынова.

Маман бағалы қағаздар, цифрлық активтер, үлестік қатысу шарттары, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 34,5 млн теңге (10 мың АЕК) шегіндегі қолма-қол ақша, нотариалды куәландырылған қарыз шарттары, құны 3,4 млн теңгеден асатын мүлік (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар) жалпыға бірдей декларациялауға жататынын айтты.

Айта кетерлігі, қағаз жүзіндегі декларацияны ұсыну мерзімі 2024 жылғы 15 шілдеде, электрон түрдегі нұсқасын 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей жіберу керек.