Мәжіліс төрағасы өкімге қол қойды.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысы 2021 жылғы 21 маусымда сағат 10-да Нұр-Сұлтан қаласында шақырылсын» - делінген өкімде.
Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.
Сенат әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан, тиісінше облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және республика астанасының барлық өкілді органдары депутаттарының бірлескен отырысында сайланатын депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, оның он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – алты жыл.
Палатаны мемлекеттік тілді еркін меңгерген өз депутаттарының арасынан жасырын дауыс беру арқылы Палата депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен сайланған Төраға басқарады. Сенат Төрағасының қызметіне кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады.
Мәжіліс жүз жеті депутаттан тұрады. Мәжілістің тоқсан сегіз депутаты саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.