Қазіргі таңда еліміз зорлық-зомбылық көрсеткіші бойынша 142 елдің ішінде 48-орында тұр
Бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі – қыз-келіншектерге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері. Себебі, қазір аталған проблемаға тосқауыл қою мақсатында қаншама жұмыс атқарылып жатса да, жымысқы ойын жүзеге асыратын арампиғылдылар айылын жияр емес. Соның салдарынан жыл сайын әлемде көптеген нәзікжандылар зардап шегіп, кейбірінің өміріне балта шабылып жатады. Бұл мәселе Қазақстанды да айналып өтпек емес. Тіпті, әйелдер қауымына қатысты жасалып жатқан мұндай әрекеттерді күн сайын ақпарат ағынынан көріп жатамыз. Оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланбайтыны қаншама?..
БҰЛ КҮН ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?
Атаулы датаның тарихын зерттеп көргенде, мынадай ақпараттарға қанық болдық. Сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылы 25 қараша күні Доминикан мемлекетінің қауіпсіздік ұйымы үш бірдей апалы-сіңлілі Мирабаль әулетінің қыздары ұзақ уақытқа созылған зорлық-зомбылықтан кейін өлтірген екен. Ал, сол оқиғадан кейін жиырма бір жыл өткесін Колумбия елінің астанасында өткізілген конференцияда Кариб аумағы мен Латын Америкасындағы қыз-келіншектердің құқығын қорғаушылар 25 қарашаны «әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық көрсетуді жою күні» деп атап өтуді ұсынған. Мұндағы мақсат әйелдердің қоғамдағы құқығын аяқасты етпей, мәртебелерін заң жүзінде қорғауға ден қою екені белгілі шығар. Дегенмен, бұл ұсыныс бірден қолдау таба қоймай, жиырмасыншы ғасырдың соңғы жылында ғана Біріккен ұлттар ұйымы аталған датаға «Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық көрсетуді жою туралы халықаралық күн» деп атау берді. Сол сәттен бастап, әйелдердің құқығын қорғауға түрткі болған Мирабаль қыздары тұрған үй мұражай ретінде жасақталып, 25 қараша күні әлем елдерінде көптеген маңызды іс-шаралар атқарылып келе жатыр.
КӨРСЕТКІШТЕР СӨЙЛЕЙДІ
Бүкіләлемдік зерттеулер мен сауалнамалар аңғартқандай қандай да бір мемлекетте зорлық-зомбылықтың жиі немесе сирек орын алуы ол елдің даамығанына да, дамымағанына да байланысты болмайды екен. Бұл сөзімізге Еуропадағы отызға жуық елдегі қыз-келіншектердің қырық пайыздан астамына күш көрсетілгені арқау бола алады. Мәселен, австралиялық әйелдердің үштен бірі осындай жағдаймен бетпе-бет келетін болса, бірнеше жыл бұрынғы зерттеулерге сәйкес, әйелдерге қатысты зорлық өте көп орын алған елдердің көшін АҚШ, Швеция мен Оңтүстік Африка бастап тұр екен.
Сондықтан да жер бетіндегі көптеген мемлекетте әйелдерге қатысты немесе тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы заң талаптары бекітілген. Және бұл заңдар азаматтардың бай немесе кедей болуына байланысты өзгеріске ұшырамай, барлық әйелге бірдей дәрежеде қорғау қызметі көрсетіледі. Мұндай заң дүниежүзіндегі жүзден астам елде қабылданса, елуден астам мемлекетте некеге тұрған ерлер мен әйелдер арасындағы зорлыққа қатысты заң бар екен.
ҚАЗАҚСТАН ҚАНДАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?
Ашық дереккөздерге сүйенсек, орташа есеппен дүниежүзі бойынша қыз-келіншектердің шамамен үштен бірі зорлық-зомбылық әрекеттерінен жапа шегеді екен. Тіпті, кей мемлекеттерде бұл көрсеткіш алпыс, жетпіс пайызға дейдін жетеді. Біздің елімізде де осы сипаттағы әрекеттер алдыңғы орында тұрғаны жасырын емес. Бұл туралы бірер күн бұрын мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да айтқан болатын. Оның сөзіне сүйенсек, биыл шілде айынан астап аталған құқықбұзушылыққа қарсы шаралар күшейтіліп, нәтижесінде жауапкершілікке тартылған «күш көрсетушілер» саны екі есеге көбейіп кетіпті. Жылдың екінші үш айлығында зорлық-зомбылыққа қатысы бар жеті мың ащамат жауапкершілікке алынса, үшінші тоқсанда олардың саны жырма жеті мыңға жетіпті. Тиісінше, қазіргі таңда еліміз зорлық-зомбылық көрсеткіші бойынша 142 елдің ішінде 48-орында тұр.
Ал, еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов аталған мәселені жазалаумен ғана шешу мүмкін еместігін айтты. Оның ойынша, бұл проблеманың алдын алуға тұтас қоғамның күші де қажет. Сондай-ақ, дәл осы саланы реттеу барысында ешкімнің атақ-дәрежесі мен шен-шекпеніне қарамаған дұрыс. Себебі, әлі күнге дейін зорлық-зомбылыққа тап болғандардың көпшілігі құзіретті органдарға шағым жасамайды екен. Соның кесірінен өздерін жазасыз сезінетін зорлықшылардың ақылға сыймайтын әрекеттері әйелдер мен балалардың өліміне соқтырып жатқан көрінеді.
ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ШАРАЛАР
Естеріңізде болса, ел Президенті өзінің Жолдауында зорлық-зомбылық жағдайларын азайту және анықтау үшін сенім телефонын іске қосып, бағдарлама дайындауды да тапсырған. Сәйкесінше, өткен айдың ортасында елімізде «111 — AMANAT» бірыңғай байланыс орталығы жұмысын бастады. Бұл сымтетікке кез келген азамат ақысыз қоңырау шалып, кез келген жолмен көмек сұрай алады. Ал, қоңырау шалған азаматтарга білікті психологтар мен заң мамандары қызмет көрсетеді. Одан бөлек, операторлар да «дәл осы сәтте» ұстанымын негізге алып, қиын жағдайға тап болғандарға кешенді қолдау жасайды. Сонымен бірге, әрбір өңірде зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін 68 арнайы қолдау орталығы көмек көрсетеді. Оның ішінде уақытша баспанамен қамту қызметі де қарастырылған.
Өкінішке қарай, соңғы мәліметтерге сәйкес, соңғы бірнеше жыл көлемінде зорлық-зомбылықтан екі мыңнан астам адам ауыр соққы алып, тоғыз жүзге жуық адам қаза болған екен. Ал соңғы үш ай көлемінде күш көрсету бойынша жауапкершілік арқалағандар саны төрт есе көбейіпті. Бұған зорлық-зомбылыққа қатысты заң талаптарының күщейтілуі әсер етіп жатқан секілді.
Дәлірек айтсақ, аталған өзгерістер мамыр айында енгізілген. Енді отбасында зорлық-зомбылыққа барып, жәбірленушіге зардап шектіргендер үш емес, алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылмақ. Одан бөлек, қамауға алу уақыты да ұзартылып, татуласу рәсімі бір ғана рет сотта ғана қолданылатын болды. Оған қоса, алдағы уақытта құзіретті органдар зорлық көруші тарапынан ешқандай арыз жазылмаса да, іс қозғауға мүмкіндік алып отыр. Соңғы шешімді сот шығарады.
Кейінгі кездері елімізде жан түршігерлік зорлық-зомбылық әрекеттері орын алып жатыр. Тіпті, кейбірі жәбірленушілердің өлімімен аяқталып жатыр. Сондықтан әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою қоғамның ортақ мәселессіне айналып, жағдайды түзетуге баршамыз үлес қосуымыз қажет-ақ.
Б.Мейірханұлы,