25,3 триллион теңгеге дейін өскен: Қаржы министрі Қазақстанның мемлекеттік қарызы туралы айтты

0
532

​​Мемлекеттік қарыз жалпы ішкі өнімге шаққанда 32 пайыздан аспайды.


25,3 триллион теңгеге дейін өскен: Қаржы министрі Қазақстанның мемлекеттік қарызы туралы айтты

ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп жазады stan.kz.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Шәкәрім Бұқтұғұтов 2022 жылдың 1 қаңтарында мемлекеттік қарыз сомасы 21,9 трлн теңгені құрағанын, ал бір жылдан кейін бұл көрсеткіш 25,3 трлн теңгеге дейін өскенін айтты.

Осы орайда ол Қазақстанның сыртқы қарыздары бойынша толыққанды аудит жүргізу және тартылған қаржының экономикалық тиімділігі жөнінде сұрақ қойды.

"Мемлекеттік қарыз мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында тұр. Әлемде инфляцияның деңгейі өте жоғары екені белгілі. Сондықтан базалық ставка да өскен. Бұл тұрғыда сырттан қаражат тарту немесе бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін іштен қарыз алу қымбатқа түседі. Әрине, инфляция деңгейі төмендесе, базалық ставка азайса, бұл жүктеме біршама жеңілдейді", - деді Жамаубаев.

Соның қатар ол биыл еліміздегі бюджет кірісі өсетінін айтты.

"Екіншіден, еліміздегі бюджет тапшылығын біртіндеп азайтамыз. Оның деңгейін биыл 2,7 пайыз шамасында қалдырдық, себебі оны өсіруге болмайды. Осы орайда оның сомасы 3,2 трлн теңгені құрады. Биылғы нақтылаудан кейін бюджеттің кіріс көзі тағы да 42 пайызға өседі. Бұл тұрғыда салық әрі кедендік әкімшілендіру есебінен 720 млрд теңге қосымша қарастырып отырмыз", - деді министр.

"Қазір негізінен ішкі нарықтан қаражат тартып отырмыз. Мемлекеттік қарыз жалпы ішкі өнімге шаққанда 32 пайыздан аспайды деп ескерілген", - деді Жамаубаев.

Биылға арналған республикалық бюджеттің параметрлері келесідей қалыптасқан. Яғни бюджет түсімдері 1,5 трлн теңгеге ұлғая отырып, 19,3 трлн теңгені құрамақ. Тапшылық Жалпы ішкі өнімге қарағанда 2,7% деңгейінде сақталды. Республикалық бюджеттің шығыстары 22,5 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр.