Бағаны көтерудің негізділігін қарау және сөз байласу белгілерін белгілеу мақсатында құрылыс материалдарының 25 түрі бойынша нарықтағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізіліп жатыр.
ERNUR.KZ. Жыл басынан бері отандық құрылыс материалдарының бағасы 25%-ға өсті. Бұған сыртқы нарықтағы баға әсер етті. Бұл туралы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин айтты, деп жазады inbusiness.kz.
«Арматура – 45%-ға, кабель – 20%-ға, профлист – 70%-ға, шыны – 35%-ға қымбаттады. Салдарынан басқа материалдардың бағасы өзгерді», – деді агенттік төрағасы.
Серік Жұманғариннің сөзінше, бағаның өсуіне электр энергиясы тарифінің – 12%-ға, жанар-жағармайдың –15%-ға, энергетикалық көмірдің – 10%-ға, теміржол тасымалының –18%-ға өсуі сияқты объективті факторлар да ықпал еткен.
«Құрылыс материалдарының өзіндік құнындағы осы шығындардың үлесі 15-30%-ды құрайды. Бағаны көтерудің негізділігін қарау және сөз байласу белгілерін белгілеу мақсатында құрылыс материалдарының 25 түрі бойынша нарықтағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізіліп жатыр. Талапты бұзу белгілерін жою және бағаны төмендету қажеттілігі туралы 75 хабарлама жолданды. Бүгінгі таңда 42 компания хабарламаны орындады. Оның ішінде 35 компания арматураның бағасын – 25-ға, цементтің құнын – 10%-ға бетонның текше метрін – 10%-ға, полиэтилен құбырлардың ақысын – 6%-ға, кабельдің бағасы – 5-14%-ға дейін, және кірпіш құнын – 3%-ға төмендетті. Монополияға қарсы бақылау шарасының нәтижесінде республика бойынша баға өсуінің ай сайынғы тренді маусым айындағы 4,2%-дан шілде айында 1,7%-ға дейін төмендетілді», – деп қорытты сөзін агенттік төрағасы.