4 пайыздық автонесиені беретін 4 банк анықталды

0
881

Бүгін Қазақстанда 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие беру басталды.


4 пайыздық автонесиені беретін 4 банк анықталды

ERNUR.KZ. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Ғалымжан Әди жеңілдетілген автонесиені бір адам неше рет алуға құқылы екенін түсіндірді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Жеңілдетілген атонесиенің сыйақы мөлшері – 4 пайыз, қаржыландыру мерзімі 7 жылдан аспайды. Несие көлемі 10 млн теңге болады, яғни Қазақстанда шығарылған көліктің құны 15 млн теңгеден аспауы керек. Бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна көзделмеген. Дегенмен, автокөліктің құны 10 млн теңгеден асатын болса, несиеге өтініш білдіруші азамат жетіспейтін ақшаны өз қаражаты есебінен толтырады», - деді акционерлік қоғам өкілі осы мәселе бойынша өтіп жатқан брифинг барысында.

Оның мәліметі бойынша, қазір осы бағдарламаға қатысатын 4 банк таңдап алынған. Олар: «Халық банк», «Банк ЦентрКредит», «Форте банк» және Еуразиялық банк».

«Бұлардың қатары әлі де кеңеюі мүмкін. Қазір өнеркәсіпті дамыту қоры басқа банктердің де өтініштерін қарастырып жатыр. Ол өтініштер мақұлданса, банктер саны көбейеді.

Бұл бағдарламаның ерекшелігі бар. Неғұрлым көп адам алу үшін бір азамат мұндай несиені 2 жылда бір-ақ рет ала алады», - деді Ғалымжан Әди.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанда 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие беру басталды.