500-ге жуық тыныс алу аппараты өндіріледі

0
2 297

Тыныс алу аппараты автономды түрде екі сағатқа дейін үздіксіз жұмыс істейді.


500-ге жуық тыныс алу аппараты өндіріледі

ERNUR.KZ. Көкшетаудағы "Тыныс" компаниясы ай сайын 500-ге жуық тыныс алу аппаратын өндіруді көздеп отыр. Өнімнің алғашқы легі облыс ауруханаларына жіберілді, деп жазады baq.kz.

Бұған дейін зауыт ай сайын 20-50 бірлік тыныс алу құралын шығарып келсе, төтенше жағдай режиміне байланысты өнім көлемін бірден арттырған.
Зауытта өндірілген аппараттар жылжымалы, шұғыл көмек қызметінде пациентті жасанды тыныс алдыру үшін қолданылады. Артықшылығы – автономды түрде екі сағатқа дейін үздіксіз жұмыс істейді. Алдағы күндері өнім көлемін 500 бірлікке дейін жеткізу мәселесі қарастырылуда. Қажетті қосалқы бөлшектер Ресейде өндірілетіндіктен, карантинге байланысты оны жеткізуде қиындықтар туындағаны рас. Қазіргі уақытта келіссөздер жүргізілуде, - дейді зауыт директоры Қайрат Қалманбаев.
Сәуір айының басында кәсіпорын облыс ауруханаларына 77 тыныс алу аппаратын жіберген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының тапсырысымен өнімнің келесі легі күтілуде.
Өкпені жасанды тыныс алдыратын аппарат коронавирус жұқтырған ауыр науқастардың өмірін сақтап қалуда таптырмас құрал. Пневмонияның ауыр түріне шалдыққан науқас өкпесі қалыпты жұмыс жасағанға дейін жасанды тыныс алу аппараты арқылы тыныс алады. Ауа жеткізу функциясы стационарда қолданылатын аппараттарға ұқсас. Біз құралдың жұмыс жиілігін арттыру үшін оны адаптерлармен толықтырдық, - деп түсіндірді зауыт директоры.
Алдағы уақытта компания тыныс алу аппараттарының жаңа түрлерін де шығаруды көздеп отыр. 1996 жылға дейін зауыт медицина саласына арналған құралдар шығарып келді. Қазіргі уақытта кәсіпорын авиация, күштік құрылымдар үшін техникалар, мүгедектер арбасын шығаруда. Мұнда өндірілетін өнімнің негізгі бөлігі құпия санаттағы болып табылады.
Пандемиямен күрес кезеңінде зауыт стратегиялы міндет – тыныс алу аппараттары мен маскалар тігумен айналысуда. Тәулігіне 20 мыңға жуық маскалар тігіледі. Өңір басшысының тапсырмасымен өнім қоры жасақталды. Медициналық маскалар 190 теңгеден сатылуда.
Карантин режимінің талаптарын сақтай отырып өндірісті тоқтатпаған кәсіпорын үздіксіз жұмыс кестесіне көшті. Осы ретте қосымша 60 адам жұмысқа алынды. Бүгінде зауытта 800-ден аса жұмысшы еңбек етуде. Карантин уақытында оларды арнайы қызметтік автобустар тасымалдайды. Кәсіпорында күніне бірнеше мәрте санитарлық шаралар жүргізіледі. Кіре берісте жұмысшылар арнайы зарарсыздандыру қондырғысынан өтеді, - дейді Қайрат Қалманбаев.
Зауытта дезинфекциялық барьерлер мен көпқабатты үйлер мен ғимараттар, аялдамаларды зарарсыздандыратын арнайы бүріккіш құралдар да шығарылады.