7 жасар марқұм Милананың анасын психоаналитиктер тексеріп жатыр

0
470

Кішкентай қызды туған анасы өлтірген.


7 жасар марқұм Милананың анасын психоаналитиктер тексеріп жатыр

ERNUR.KZ. Марқұм Милана Давыдованы өлтірді деп айыпталған анасын психоаналитиктер тексеріп жатыр. Бұл туралы Павлодар облыстық соты мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты сотталушы Т.В. Давыдоваға қатысты қосымша комиссиялық стационарлық сот-психиатриялық сараптама тағайындады», – деп хабарлады Павлодар облысының прокуратурасы.

Егер Татьяна Давыдованың ақыл-есінде ауытқуы бар екені анықталса, түрмеге емес, психиатриялық ауруханаға жатқызылады.

Сондай-ақ, екінші сотталушыға қатысты Павлодар облысының прокуратурасы ҚР ҚК 146-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

«Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді», - деп атап өтті қадағалау органында.

Еске салайық, 2023 жылы 17 қарашада Қоянды ауылдық округіне қарасты Бесқауға ауылында мектеп оқушысы Милана Давыдова жоғалып кетті. Полиция, құтқарушылар мен еріктілер қызды 24 сағат бойы іздеген. 19 қарашада баланы өлтірді деген күдікпен қыз баланың анасы мен оның ашынасы ұсталды. Олар өз кінәсін мойындады.

Қылмыс болатын күні Милананың анасы екі ұлын көршісіне апарып тастап, қызын ұрып өлтірген. Артынша ашынасына айтып, мәйітті үйілген қоқыс арасына көмдіріп тастаған. Баласының жоғалғанын айтып, сосын жұрттан көмек сұрапты.

Қазір күдікті келіншек сыбайласымен бірге қамауда отыр. Екі баласын бейімдеу орталығына алып кетті. Милана атасы мен әжесінің жанына жерленді.