9 оқушы ҰБТ кезінде тест сұрақтарын әлеуметтік желіге таратып жіберген

0
586

Ішкі тексерістің нәтижесінде 9 тестіленушінің нәтижесі жойылып, 3 қызметші жұмыстан босатылған.


9 оқушы ҰБТ кезінде тест сұрақтарын әлеуметтік желіге таратып жіберген

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев ҰБТ кезіндегі заңбұзушылықтар жөнінде айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы орталық директоры Instagram парақшасында жазды.

«Шыны керек, тестілеуді оңай тапсыру үшін кейбір тестіленушілер әртүрлі қулықтарға баруға дайын. Бірақ біздің жүйені ешкім алдай алмайды. Наурыз айында өткен ҰБТ-да тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан барлығы 259 адам шығарылып, олардың нәтижесі жойылды. Оның ішінде 9 тестіленуші тест сұрақтарын суретке түсіріп, оларды телеграм арналарға таратқан. Бұл мәселені 2 ай бойы толығымен зерттеп, қызметтік тексеріс жүргіздік. Себебі сұрақ көп. Мысалы, тест тапсырмалары қалай тарады? Камералар неге ешнәрсе түсірмеген? Бақылаушылар қайда қараған? Ішкі тексерістің нәтижесінде 9 тестіленушінің нәтижесі жойылып, 3 қызметші жұмыстан босатылды. Іс құзыретті органдарға жіберілді» деп жазды орталық директоры.

Оның айтуынша, WhatsApp нөмірін ашық жариялағаннан бері халықпен тығыз байланыс орнатқан. Кейбір ереже бұзу туралы ақпаратты тестіленушілердің өздері хабарлап отырады.

«Олардың академиялық адалдықтың сақталуын қолдайтыны қуантады. Бұл жағдай енді қайталанбайды деп сенеміз. Енді әрбір қатысушының жеке тест нұсқасы болады. Сондай-ақ егер тест тапсырушы бірінші мүмкіндігінде тыйым салынған затпен кіруге талпынса немесе тестілеуде ұсталатын болса, онда ол екінші мүмкіндігін қолдана алмайды. Ал дәл осы жағдай екінші мүмкіндікте орын алса, онда бірінші мүмкіндігінің нәтижелері жойылып, грант конкурсына қатыса алмайды. Яғни, екі мүмкіндікті пайдаланудың да өзінің ережелері бар. Негізгі ҰБТ-ның алдында тестілеуді тапсыруға көмектесеміз деген алаяқтар көбейіп кететіні бәрімізге мәлім. Алаяқтарға сенбеңіздер, біздің жүйені алдау мүмкін еместіген тағы да бір ескертемін. Тестіленушілерді ереже бұзушылардың іс-әрекетін қайталамауға шақырамын. Тәуекелге бармай, тестілеуді әділ тапсыруға кеңес беремін» деп түйіндеді сөзін Руслан Емелбаев.