Жаңа орталық балаларға кәсіби психологиялық көмекке қол жеткізу мен білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметті үйлестіруді қамтамасыз етеді.
ERNUR.KZ. Балаларды зорлық-зомбылық пен суицидтен қорғаудың 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарына сәйкес Қазақстанда балалардың қауіпсіздігі мен оларға көмек көрсету жүйесі құрылуда. Осы жоспар шеңберінде Абай облысы білім басқармасының «Өңірлік психологиялық қолдау әдістемелік орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылды, деп хабарлайды өңір әкімдігі.
Жаңа орталық балаларға кәсіби психологиялық көмекке қол жеткізу мен білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметті үйлестіруді қамтамасыз етеді. Оның мақсаты – қиын өмірлік жағдайларда білім беру процесіне қатысушыларды қолдау, психологиялық әл-ауқатты нығайту және педагог қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыру.
Орталық қызметінің негізгі түрлеріне кеңес беру арқылы психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық және әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету, 24/7 режимде сенім телефонының жұмысын ұйымдастыру кіреді. Сондай-ақ онлайн-кеңестер өткізу, педагог қызметкерлерге әдістемелік көмек көрсету, кәмелетке толмағандармен ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық жұмыс, психологиялық қызмет мамандарының біліктілігін арттыру, жедел әрекет ету, ведомствоаралық және халықаралық ынтымақтастық қарастырылған.
Орталық балаларға, заңды өкілдеріне және педагогтерге мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдарының жолдамасы және өз қалауы бойынша көмек көрсетеді.