Адамдар үйінді астында қалатын еді: елордада апатты тұрғын үйдің орнына жаңасы салынды

0
677

Нұр-Сұлтанда "Территория комфорта-1" тұрғын үй кешені апатты жағдайда деп танылып, бұзылды.


Адамдар үйінді астында қалатын еді: елордада апатты тұрғын үйдің орнына жаңасы салынды

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанда құрылысы ұзаққа созылған нысан сүріліп, орнына жаңа тұрғын үй кешені салынды, деп жазады sputnik.kz.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында құрылысы ұзаққа созылған, проблемалы нысандардың бірі аяқталғанын хабарлады.

Оның айтуынша, "Территория комфорта-1" тұрғын үй кешенінің тарихы 2004 жылы басталған. Үйді техникалық тексеру барысында ғимараттың апатты жағдайда екені анықталды.

"Бұрынғы құрылыс салушы техникалық стандарттарға сәйкес келмейтін бетон маркасын қолданған, ал плиталар арасында түйіскен жері сақталмаған. Құрылысшылар айтқандай, бұл үй пайдалануға берілсе, көп ұзамай қирап, тұрғындар астында қалатын еді", - деп атап өтті қала басшысы.

Көлгінов апатты жағдайдағы көппәтерлі тұрғын үй кешенінің барлық блогын бұзу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілгенін, оның орнына қауіпсіз жаңа тұрғын үй кешені салынғанын атап өтті.

"Мұнда бас-аяғы 500-ден астам үлескер бар. Үйді аяқтау екі кезеңнен тұрады. Алғашқы 135 үлескер көптен күткен пәтерін алды, олар бұл күнді 17 жыл бойы күтті. Екінші кезең бойынша жұмыс жүріп жатыр", - дейді Алтай Көлгінов.

2019 жылдың жазында қала бойынша барлығы 16 мың үлескер отбасы болған, 2,5 жыл ішінде 13 мың үлескердің проблемасы шешілді.

Мәселен биыл 57 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Бұл 7 мың үлескердің проблемасын шешуге мүмкіндік берді.

Әкімдік жаңа 2022 жылы тағы 40 көппәтерлі тұрғын үйді, 2023 жылы 20 көппәтерлі тұрғын үй-донор салуды жоспарлап отыр. Осылайша 2023 жылы елордада құрылысы ұзаққа созылған үйлердің проблемасы толық шешілмек.