Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі мәлім етті.
Бүгін, 22 тамызда Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша көпшілік талқылау өтеді, деп жазады inbusiness.kz.
21 шілдеде Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімдігі Facebook парақшасында, Instagram-каналында және ресми сайтында, сондай-ақ Атамекен газетінде (№28) барлық ниет білдірушілерді талқылауға қатысуға шақыра отырып, тиісті хабарландыруды жариялады.
Естеріңізге сала кетейік, "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС жүргізген зерттеулерінің қорытындысы бойынша атом электр станциясы құрылысының ең қолайлы ауданы ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағы ұсынылды. Зерттеу нәтижелері 2022 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды және мақұлданды.
Қазақстан Республикасы "Атом энергиясын пайдалану туралы" Заңының 12-бабына сәйкес Үкіметтің АЭС орналастыру ауданын таңдау туралы тиісті шешімін қабылдау үшін аумағында қондырғы салу жоспарланып отырған жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттың) келісімі талап етіледі. Осыған байланысты Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімдігі тұрғындардың өз аумағында АЭС салу мәселесіне қатынасын анықтау мақсатында осы талқылауларға бастамашылық жасады.
Тыңдауларда экология, денсаулық, табиғи-климаттық факторлардың АЭС-ке әсері, экономикалық факторлар, инфрақұрылымды дамыту, АЭС-тің шағын және орта бизнесті дамытуға әсері, сондай-ақ басқа да өзекті мәселелерді талқылау жоспарлануда.
Тыңдауға халық, БАҚ өкілдері, Алматы облысының қоғамдық кеңесі, ҚР Энергетика министрлігі, Алматы облысының әкімдігі, ҚР "Ұлттық ядролық орталығы" РМК, "Ядролық физика институты" РМК, "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС, Ядролық технологиялар қауіпсіздігінің ғылыми-техникалық орталығы, Қазақстанның ядролық қоғамы және экология, сейсмика, қауіпсіздік, энергетика, инфрақұрылым, ШОБ және т.б. салалардағы салалық сарапшылар қатысады.
Тыңдау барысында азаматтар технологиялардың қауіпсіздігі бойынша да, АЭС құрылысының әлеуметтік-экономикалық аспектілері бойынша да өздерін қызықтыратын кез келген сұрақтарын қоя алады.
Осы жария талқылаулар Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес өткізілетін қоғамдық тыңдаулар болып табылмайтынын атап өтеміз. Қоғамдық тыңдаулар жобалық құжаттаманы әзірлегеннен кейін жобаны экологиялық бағалау кезеңдерінде кейінірек өткізілуі тиіс.