Сұмдық оқиға бір жыл бұрын, 28 наурызда болған еді.
ERNUR.KZ. Ақтөбенің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында екі адамның өліміне қатысты іс қаралды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Оқиға былтыр 28 наурызда болған. Сот анықтағандай, 23 жастағы Әлішер есімді тұрғын төрт шөлмек сыра ішіп алып, Жеңіс көшесінің бойындағы екі қабатты үйдің пәтеріне кірген. Ол үйде екі баласымен бірге жалғызбасты ана тұратын. Әлішер үйге кіріп, қымбат заттар мен ақша іздей бастаған. Сол кезде 35 жастағы әйел оянып кеткен. Күдікті әйел мен оның 16 жастағы ұлын сол жерде пышақтап өлтірген. Басқа бөлмеде ұйықтап жатқан жерінен оянған 13 жасар София есімді қызды да қылқындырып, пышақтаған жігіт оны өліп қалды деп ойлап, үйден қашып кеткен. Полиция мен құтқару қызметін сол 13 жастағы қыз шақырған. Алайда, күдікті сол жылдың сәуір айының соңында уақытша қамау изоляторында өзін өзі асып өлтірген болатын.
Күдіктінің өліміне байланысты іс тоқтайтыны белгілі болғанда күдіктінің анасы марқұм ұлының кінәсіз екенін дәлелдегісі келіп, істі жалғастырған. Алайда, сот оның кінәлі екенін дәлелдеп шықты. Бірақ, өмірде жоқ болғандықтан, қылмыс жасаған адамға ешқандай үкім кескен жоқ.