Сол күні полиция қызметкерлері көз жұмған әйелдің кім екенін анықтады.
ERNUR.KZ. Астана қалалық ІІД қызметкерлері әйелдің денесін сөмкеге салып, базар маңында қалдырып кеткен ер адамды ұстады, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі.
13 қыркүйек күні «Шанхай» базары маңынан ішінде әйелдің мәйіті бар сөмке табылған. Сол күні полиция қызметкерлері көз жұмған әйелдің кім екенін анықтады. Ол Өзбекстан Республикасының 26 жастағы азаматшасы болып шықты.
Сот-медициналық сараптама тағайындалып, әйелдің туберкулез дертіне шалдыққаны салдарынан ішкі ағзалары уланып көз жұмғаны анықталды. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде полиция қызметкерелрі 30 жастағы ер адамды ұстады.
Тергеу амалдары барысында ол көз жұмған әйелмен үш жыл бойы бірге тұрғаны, олардың 2 баласы бар екені анықталды. Әйел жатақханада жалдап тұрып жатқан бөлмеде аталған дерт салдарынан көз жұмған. Қаржылық қиындықтар туындағандықтан, әйелін жерлей алмайтынын және ол басқа мемлекеттің азаматшасы екенін түсінген ол мәйітті жол сөмкеге салып, базар маңына қалдырып кеткен. Ер адам әйелінің денесін тауып алған адамдар оны жерлейді деп ойлаған. Одан кейін оқиға орнынан жасырынып қалмақ болған ол сол күні қаладан кетіп қалған.
Полиция қызметкерлері оны Түркістан облысы аумағынан тауып алды. Көз жұмған әйелдің баласы кім екені және қай жерде екені де анықталды. Оған әйелдің таныстары қарап жүріпті. Қазіргі уақытта бала Астана қаласы кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.