Полиция күдіктіні қолға түсіру үшін шағын ауданды қоршауға алған.
ERNUR.KZ. Жетісу облысында оқушы қызға шабуыл жасаған жігіт ұсталды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Оқиға кеше күндіз Талдықорған қаласында болған. Полицияға оқушының анасы шағымданған. Арызданушының айтуынша, оның 2013 жылы туған қызы қосымша сабаққа қатысу үшін түскі уақытта Оқушылар сарайына бара жатқан. Қыздың соңынан қалмаған белгісіз жігіт 4 сыныптың оқушысы «Күншуақ» балабақшасының маңына жақындағанда шабуыл жасаған. Оқушы қызды ағаш арасына қарай сүйреп, «айғайласаң өлтірем» деп қорқытқан. №14 мектеп-гимназиясының 4 сынып оқушысы қаскөйдің шабуылынан босап шығып, жақын маңдағы компьютер кулбына қашып тығылған.
«Бұл дерек қалалық полиция басқармасында ресми түрде тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жеке құрам жұмылдырылып, шағын ауданның периметрі қоршалды. Полицейлер қылмыстың «ізін суытпай» 19 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Күдікті қамауға алынды», -деп хабарлады Жетісу облыстық ПД баспасөз қызметі.
Іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық істің тергеу барысы облыстық Полиция департаменті басшысының бақылауына алынды.
«Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жариялауға жатпайды», - делінген хабарламада.