Air Astana жолаушылары Шымкентке жете алмай, қайта оралды

0
988

Рейс жолаушылары әлеуметтік желіде наразылық білдіруде.


Air Astana жолаушылары Шымкентке жете алмай, қайта оралды

ERNUR.KZ. Алматыдан Шымкентке бағыт алған Air Astana рейсі ұшпай қалды, деп жазады ҚазАқпарат.

Аталған рейс жолаушылары әлеуметтік желіде наразылық білдіруде.

«Әуежайда 50 ден аса жолаушы Air Astana (КС 971, ұшу уақыты 7.35, бағыт Шымкент) сервисіне наразы. Біз аспанға көтеріліп, Қапшағайға жеттік те, айналып айналып, қайтып келдік. Бір сағаттай ұшақта отырдық. Кейін экипаж желдету жүйесінде ақау пайда болғанын түсіндіріп жатты. Әуежайда менеджерді өзіміз тауып алдық. Менеджер болса Астанадан Шымкентке тәулік бойы жете алмай келе жатқан үлкен кісілерге дөрекілік көрсетті. Менің кездесулерім мен дәрісім болмайтын болды. Амалым құрып, үйіме қайтып келдім», - деп жазды «Қант диабетін зерттеу бойынша Қазақстан қоғамы» АҚ президенті Жанай Ақанов.

Бұл оқиғаға байланысты Air Astana өкілдері түсінік берді.

«Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. «Эйр Астана» әуе компаниясы рейстер бөгелген, ұшпай қалған, ауысқан жағдайда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының ережесі бойынша әрекет жасайды. Ең алдымен бірінші кезекте жолаушылардың қауіпсіздігі бірінші орында тұрады. Егер басқа да сұрақтарыңыз болса ce@airastana.com электронды поштасына жазуыңызды сұраймыз», - деді Air Astana әуе компаниясынан.