Бұл жайлы марқұмның отбасы мәлімет таратты.
Академик, экономист-ғалым Кенжеғали Сағадиев дүние салды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл жайлы марқұмның отбасы мәлімет таратты.
«25 шілде күні 82 жасында академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев көз жұмды. Өкінішке қарай, індет біздің отбасымызға да жетті. Жерлеу рәсімі тек отбасы мүшелерінің қатысуымен өтеді. Барлық қоштасу шаралары бір жылдан кейін, 2021 жылы 25 шілдеге жоспарланған. Бұл - оның соңғы өсиеті» делінген хабарламада.
Кенжеғали Сағадиев туралы не білеміз?
Кенжеғали Сағадиев 1938 жылы 18 ақпанда Қостанай облысы, Ақкөл ауылында дүниеге келген.
1960 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірген. 1966 жылы Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтының аспирантурасына түсті.
1977 жылы экономика ғылымдарының докторы, 1978 жылы профессор, 1994 жылы Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының академигі атағын алды. Қазақстан ғылымы мен техника саласының құрметті қызметкері ретінде танылған.
Ол Қазақстандағы 5 ірі жоғары оқу орнын басқарды. Целиноград ауылшаруашылық институты мен Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің ректоры болып жұмыс істеді. Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Халықаралық бизнес университетінің және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің президенті болды.
Ұлттық ғылым академиясының бас ғалым-хатшысы және президенті болып сайланды. Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің директорлар кеңесінің төрағасы атанды.
Парламент мәжілісінің үшінші (2004-2007 ж) және төртінші (2007-2011 ж) шақырылым депутаты болып сайланып, мәжілістегі қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болды (2004-2007 ж.).
Академик Сағадиев өзінің ғылыми мектебін құрды. 445-тен астам ғылыми жұмыстың, оның ішінде 20 монография мен оқулықтардың авторы. Оның республикалық газет-журнал беттеріндегі жарияланымдары көпке мәлім.
Ол ғалым және экономист ретінде халықаралық аренада танымал. АҚШ-тың Нью-Йорк академиясы мен Америкалық экономикалық ғалымдар қауымдастығының мүшесі, Пәкістан ғылым академиясының академигі, Халықаралық жоғары білім академиясының академигі болып сайланған.
Сондай-ақ, ол әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Қазақстанның мемлекеттік сыйлығын тағайындау жөніндегі комиссияның, қаржы министрлігіндегі қоғамдық кеңестің, жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі болды.