​Ақбота Нұр түскен «Жалғыз жауқазын» сериалы көрерменге жол тартады

0
4 387

Ақпан айынан бастап мелодрама жанрындағы 12 сериялық телехикая эфирге шығады


​Ақбота Нұр түскен «Жалғыз жауқазын» сериалы көрерменге жол тартады

ERNUR.KZ. «Хабар» арнасы көрермендерін тағы бір жаңа кинотуындымен қуантпақ. Ақпан айынан бастап мелодрама жанрындағы 12 сериялық телехикая эфирге шығады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Жалғыз жауқазын» деп аталатын картинада басты рөлді Ақбота Нұр және Дәурен Айдарқұлов сомдайды. Телехикая көріністері негізінен Алматы мен Алматы облысында түсірілген.

Оқиға желісі дәулетті отбасының жалғыз қызы Айсұлудың тағдыры арқылы өрбиді. Айсұлу тұрмысқа шығайын деп жатқанда ата-анасының қазасына сүйген жігіті Арсеннің кінәлі екендігін біледі. Арсеннің көздеген басты мақсаты – байлық екенін кеш ұққан жетім қыз табан асты не істерін білмей, АХАЖ бөлімінен қашып шығып, бас сауғалап, нағашы әжесі тұратын ауылға кетеді. Бұдан әрі оның өміріндегі қилы кезеңдер мен бұралаң сәттер алма-кезек ауысып отырады.

«Фильмнің «Жалғыз жауқазын» деп аталуы бекер емес. Бұл бүкіл туыстан, дүниеден айрылып, жалқыз қалған қыздың тағдырын суреттейтін туынды. Ол ауылға барып, фильмнің соңында жеңіске жетеді ме жетпейді ме деген мәселе сөз болады» - дейді картина продюсері Ақылбек Досжанов.

«Телесериалдағы басты кейіпкер Айсұлудың рөлін сомдап, болмысын ашу үшін үлкен жүрек керек», - дейді режиссер. Сондықтан осы кейіпкерді ойнайтын актрисаны табу да оңай болмаған.

«Бұл сериалға дайындық үш ай жүрді. Өйткені басты кейіпкер Айсұлуды табу үшін өте ұзақ уақыт кетті. Көптеген қыздар іріктеуге қатысты» - дейді режиссер Төребек Бейсебаев.

Шығармашылық ұжымның шешімімен бұл рөл белгілі әнші әрі актриса Ақбота Нұрға бұйырыпты. Көрермен актрисаны «Гламур для дур», «Той любой ценой» фильмдерінен жақсы таниды.

«Осы уақытқа дейін мен мелодрамаға түскен емеспін. Бұл сериал мен үшін үлкен тәжірбие болуда. Мен өмірде қалжыңбас, әзілқой, күліп жүретін адаммын, ал бұл сериалда мұңлы, ішінде қайғысы бар адамды ойнаймын» - дейді Ақбота Нұр.

Сериалдағы қатыгез Арсеннің рөлін жас актер Ақберен Жұмабаев ойнайды. Ақбереннің айтуынша өмірде ол өте мейірімді адамдардың бірі. Алайда кинода үнемі жағымсыз кейіпкерлерді сомдайды екен.

«Бұл – өте бір сұмырайдың рөлі. Арсен адам өлтіргіш, қатігез жан. Бұл рөл маған жақын деп айта алмаймын, бірақ жат деп те айтуға келмейді. Өйткені мен жағымсыз кейіпкерлерді сомдап келе жатырмын. Неге екенін білмеймін, қанша жағымды рөл ойнағым келсе де, режиссердің көзқарасы сондай ма әлде маған сондай рөл түседі ме, барлығы менен жағымсыз кейіпкерді көреді.Сондықтан амал жоқ, жағымсыз кейіпкерді сомдап келе жатырмын», - дейді актер.

Сонымен қатар актердің айтуынша бұл тәрбиелік мәні бар дүние болады.

«Бұл жобада сценаристердің ойы - сенгіш, аңқау, өмірде кіршіксіз таза адамдар мен пасық, қолынан қатыгездік келетін адамдарды ажырата көрсету. Бұл сериалдың тәрбиелік мәні бар деп ойлаймын. Көрерменнің көңілін көтеріп, рейтинг жинау үшін жасалған дүние емес. Халыққа ой салатын шығарма болады деп ойлаймын» - дейді актер Ақберген Жұмабаев.

Тағы туындыдан Серікбай Ахметұлы, Бақытжан Әлпейісов, Дәурен Айдарқұлов, Сәкен Рақышев, Ақзер Сегізбаева және т.б. көресіздер.