Ақпарат министрлігі Facebook-ті бақылайтын "тікелей тетікке" қол жеткізді

0
731

Қазақстан Орталық Азияда контенттік саясатқа жауап беретін Facebook компаниясының халықаралық командасымен тікелей байланыс арнасына және жүйеге қосылған алғашқы ел.


Ақпарат министрлігі Facebook-ті бақылайтын

ERNUR.KZ. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Facebook-пен бірлескен мәлімдеме таратты, деп жазады Zakon.kz.

Мәлімдеме мәтініне сәйкес, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Facebook интернеттегі балалардың құқықтарын қорғауға баса назар аудара отырып, зиянды контентке қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастық туралы келісімге келді.

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыру мәселесін шешуге көмек көрсету мақсатында Facebook Қазақстанға ішкі "Контентті хабарлау жүйесіне" ("Content Reporting System" (CRS)) тікелей эксклюзивті қолжетімділік берді. CRS Министрлікке Facebook жаһандық контенттік саясатының да, Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасының да бұзушылықтары бар контент туралы жедел хабарлауға мүмкіндік береді.

Қазақстан Орталық Азияда контенттік саясатқа жауап беретін Facebook компаниясының халықаралық командасымен тікелей байланыс арнасына және жүйеге қосылған алғашқы ел.

Facebook компаниясының жұртшылықпен байланыс жөніндегі өңірлік директоры Джордж Чен мырзаның мәлімдеуінше: "Facebook Қазақстан Үкіметімен, әсіресе балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірлескен жұмысқа ұмтылады. Біздің ұзақ мерзімді ынтымақтастығымыздың алғашқы қадамы ретінде біз Қазақстан Үкіметіне уәкілетті органдарға зиянды контентпен неғұрлым тиімді және пәрменді күресуге көмектесетін "Контентті хабарлау жүйесіне" қол жеткізуге қуаныштымыз. Facebook командасы киберкеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық мамандарды оқытуды жалғастырады".

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, өз тарапынан, Facebook-пен екіжақты ынтымақтастықтың қол жеткізілген деңгейін қанағаттанушылықпен атап өтеді.

Екі тарап өзара іс-қимылдың тұрақты тетігін белгілеуге, оның ішінде Министрлікпен түрлі аспектілер бойынша тығыз жұмыс істейтін Facebook өңірлік офисінен уәкілетті өкілді анықтау туралы келісімге келді.

Министрлік "Контентті хабарлау жүйесін" пайдалану Facebook және Instagram платформаларында құқыққа қарсы контенттің таралуына қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың жеделдігін және жалпы тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретініне сенім білдіреді.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Министрлік Қазақстан нарығында жұмыс істейтін интернет-компаниялармен сындарлы диалог құруға және ынтымақтастық орнатуға дайын екендігін және қауіпсіз ақпараттық кеңістікті құру бағытында жүргізіліп жатқан бағытты ұстанатынын атап өтті.