Ақтауда бір отбасының екі бірдей қызы "аппақ" болып туылған

0
3 378

Бір отбасында екі бірдей альбиностардың дүниеге келуі дәрігерлерді де таң қалдырған.


Ақтауда бір отбасының екі бірдей қызы

ERNUR.KZ. Айман Сарқытова – үш баланың анасы, олардың екеуі – альбиностар. Әйел өзінің ерекше екі қызының күнделікті сыртта жүргенде қандай қиындыққа тап болатынын айтып берді, деп жазады Stan.kz.

38 жастағы Айман Сарқытованың алғашқы жүктілігі ерекше өткен. Өйткені ол альбинос қызды дүниеге әкелді. Оның айтуынша, қарапайым қазақ отбасы үшін мұндай жаратылыс таңсық болған.

«Мен мұның қайдан шығатынын, неге бұлай болып жатқанын түсінбедім. Ал екіншісі дүниеге келген кезде альбиностар дегеніміздің кім екенін білдік. Мұндай жағдаймен алғаш рет бетпе-бет келгенде көптеген сауал туындайды», - деді Айман Сарқытова.

Әйелдің айтуынша, дәрігерлердің өзі таңғалған. Оның үстіне бүгінде 14 жасқа толып отырған Әсел жеті айында туып, біраз уақыт инкубаторда жатқан.

альбинос

«Бала неге альбинос болып туды деп ұзақ ойландық. Алайда анам мен енем тұқымымызда мұндай балалардың болғанын айтты. Сол себепті біз бұл факторлар отбасымызға әсер етіп отыр деп ойладық. Олардың арасында бір ұл бар. Ол - шашы мен көзі қара қазақ», - дейді Айман Сарқытова.

Айманның тұңғышы Әсел жалпы білім беретін №10 мектепте білім алады. Бұған дейін арнайы мектеп пен балабақшаға барған. Себебі, альбинос балалардың көзі көрмейді.

«Альбиностарға күн жақпайды, сол үшін сыртқа тек қолшатырмен шығамыз. Көзілдірік кигеннің өзінде көлеңкеде жүруге мәжбүр. Күнге қыздырынуларына болмайды. Үлкенім ненің дұрыс-бұрыс екенін өзі біледі. Ал кішісіне әзірге қамқор болып жатырмыз. Барлық альбиностың көруі нашар. Біз әрі қарай не істеу керегін түсіну үшін Астраханьға бардық. Алайда ол жақта бар болғаны күтім жасауымыз керегін айтты. Кешкі уақытта, ғимараттың ішінде жақсы көреді. Ал күнге шықса қиналады», - дейді әйел.

альбинос

Айманның кіші қызы – Кәмилла бір жарым жаста. Оның альбинос болып тууы отбасы үшін күтпеген жаңалық болды. Себебі, бір отбасында бір ғана альбинос дүниеге келеді деген статистика бар.