Ыстық ауа райы ауыз суды тұтынудың артуына да әсер етті.
ERNUR.KZ. Қазіргі таңда өндірістік қуаты 52 000 текше метр болатын «МАЭК» ЖШС тәулігіне шамамен 46 000 текше метр ауыз су өндіреді. Ауыз су өндірісінің төмендеуіне күннің күрт ысуы мен тұшытатын теңіз суы температурасының күрт жоғарылауы себеп болып отыр, деп жазады inform.kz.
— Ауа температурасы 40-42 градус Цельсий деңгейінде тұр. Теңіз суының температурасы да көтерілді. Мұның бәрі суды тұшытудың технологиялық процесіне әсер етіп, өндіріс көлемін азайтады. Сондықтан әкімдік кесте бойынша желілердегі су қысымын төмендету туралы шешім қабылдады. Су көлемі ұлғайғаннан кейін кестемен су беру тоқтатылады. Бұл уақытша қабылданған мәжбүрлі шара, — дейді «МАЭК» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Сәбит Желкушинов.
Ыстық ауа райы ауыз суды тұтынудың артуына да әсер етті.
Айта кетейік, Ақтауда 72 көлік жуу орталығы тіркелген.
Жақында өткен ауыз су мәселесін реттеуге қатысты жиында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ауыз су тапшылығын жоюға бағытталған жобаларды аяқтауды жеделдетуді тапсырды.
Тамыз айына қарай екі жобаны аяқтау жоспарланған.
Мәселен, «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 20 000 текше метрден 40 000 текше метрге дейін ұлғайту» жобасы бітуге жақын.
Құрылыс монтаж жұмыстары 95% аяқталды. Бүгінгі күні техникалық жабдықтар кедендік рәсімдерден өтіп, зауытқа жеткізілді.
Сондай-ақ, «МАЭК» ЖШС ОСЖТ-2 (екінші орталық сумен жабдықтау торабы) аумағында тәулігіне 6 000 текше метр су тұшытатын қондырғылар пайдалануға берілді.
Алдағы күндері қала тұрғындарына тәулігіне қосымша 6 мың текше метр ауыз су беріледі.