Сотталған азаматтың жаза мерзіміне тағы екі жыл қосылуы мүмкін
ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында түрмеден қашып кеткен қылмыскер ұсталды, деп жазады sputniknews.
Ақтауда ұрлық үшін сотталып, қауіпсіздік деңгейі төмен мекемеде (ГМ-172/8, қоныс колония) жазасын өтеуден қашқан 29 жастағы азамат ұсталды.
Деректерге сүйенсек, сотталған М. Бердиев қоныс колонияның аумағынан тысқары орналасқан "Еңбек-Ақтау" РМК-да жұмысқа орналастырылған екен. 2019 жылдың 4 ақпанында сотталған азамат жұмыс орынан кетіп, қайта оралмады. Ол қоныс колония аумағында қадағалаусыз жүріп-тұру мүмкіндігін пайдаланып кеткен.
10 ақпанда ГМ-172/8 мекемесінің қызметкерлері Ұлттық ұлан әскерилері және Маңғыстау облысының полиция департаментімен бірге жедел іздеу шараларын жүргізу нәтижесінде Бердиевті қаланың шағын аудандарының бірінен ұстады.
Қазір сотталған азаматқа қатысты ҚР ҚК 427-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Түзету мекемесіне оралмағаны үшін екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.