Ақтауда жасөспірімнің үстіне футбол қақпасы құлады: оқиғаның мән-жайы

0
218

Ауруханада жасөспірімнің маңдайы мен қабағын тігіп берген.


Ақтауда жасөспірімнің үстіне футбол қақпасы құлады: оқиғаның мән-жайы

фото: Pexels / Ole Bertelsen

ERNUR.KZ. Ақтауда 12 жастағы жасөспірім қыз үстіне футбол қақпасы құлап, жарақат алды, деп жазады sputnik.kz.

Ауруханада жасөспірімнің маңдайы мен қабағын тігіп берген. Жәбірленуші қыздың отбасы қаржылық көмекке мұқтаж екені әлеуметтік желіде жазылды.
Оқиғаға қатысты Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі түсініктеме берді. Айтуларынша, тозығы жеткен аулалар абаттандырылып, ойын алаңдары жөнделіп жатқан.
"Қала аумағындағы тозығы жеткен спорт алаңдарын жаңарту мақсатында жаңадан 50 дана спорт алаңын орнату жоспарланып, мердігер мекеме анықталған болатын. Ол - "Компания Строй Индустрия" ЖШС", - дейді ведомство.
Мердігер аулалардың тізімін жасап, іске кірісіп те кеткен.
"Оқиға болған 2-шағын аудандағы №71 тұрғын үйдің маңында орналасқан футбол алаңын жаңарту мақсатында демонтаж жұмыстары жүргізілді. Демонтаждалған жабдықтар толықтай шығарылып, техникаға тиелген. Алайда екі футбол қақпасы техникаға сыймай қалғандықтан алаңда қалдырылған", - дейді ТКШ бөлімі.
Жасөспірімнің үстіне бос тұрған қақпа құлаған. Қазіргі күні Ақтау қалалық полиция басқармасымен бірлесіп, тиісті шара қабылдау мақсатында мониторинг жұмыстары жүргізілуде, дейді қалалық ТКШ.
Ал мердігер "Компания Строй Индустрия" ЖШС балаға қажетті көмектің бәрі көрсетілетінін айтты.
"Біздің жұмысшылар жұмыстарын кешкі сағат 19:00-ге дейін істеді. Ал оқиға 18:00-19:00 арасында болған. Жұмысшылар істеген жұмыстарын сол уақытта ватсапқа жіберген де болатын. Келесі күні олар қалған заттарды алып кетуге келген. Бірақ қақпаны алып кетпеді. Өйткені тұрғындар өз қаражатына сатып алғандықтан қалдыруымызды сұраған", - дейді мердігер мекеме басшысы Елдар Аманғалиев.
Ол сондай-ақ зардап шеккен қыздың туыстарымен байланысқанын айтты
"Қазір Ақтауда және Астанада дәрігер іздейміз. Барлығын төлеуге дайын - дәрі-дәрмектер, операция. Қазір тыртықтарды жазуға мүмкіндік беретін операциялар бар. Қызға барынша көмектесеміз", - деді Елдар Аманғалиев.