​Ақтөбе облысында 10 мектеп жабылады

0
2 323

Ақтөбеде ауылдық жерлерден халықтың жаппай көшуіне байланысты оқушылар саны өте аз білім мекемелері жұмыстарын тоқтатады.


​Ақтөбе облысында 10 мектеп жабылады

Биыл Ақтөбеде бала саны жетпейтін онға жуық мектеп жабылуы мүмкін. Барлығы елді-мекендердегі білім мекемелері, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Baq.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.

Ақтөбеде ауылдық жерлерден халықтың жаппай көшуіне байланысты оқушылар саны өте аз білім мекемелері жұмыстарын тоқтатады. Қатарында Қарғалы, Мәртөк аудандарының мектептері бар. Аймақта Мәртөк ауданындағы 10 мектеп бірден жабылады деген ақпар тараған болатын. Бүгін Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева пікір білдірді.

«Динамикаға байланысты. Яғни, балалар азайып жатыр ауылдық жерлерде. Мәртөк ауданында биыл бірден 7 мектеп жабылады деген ақпарат жалған. Облыста үлкен жоспар бар. Мектепте бала саны жеткіліксіз болса, ол білім мекемесін ұстап тұрудың еш қажеттілігі жоқ. Мәртөк ауданында қазір екі бастауыш мектептің жабылуы жоспарлануда. Біреуі міндетті түрде жабылады. Өйткені, 1-қыркүйекте 3 бала ғана қалуы мүмкін. Биыл ол мектепті 5 бала ғана бітірді», - деді Ләззат Оразбаева.

Облыстағы Қарғалы ауданында жуырда екі мектеп жабылды. Бірі бастауыш мектеп, енді бірі ортадан негізгі мектепке ауыстырылған. Қазір аудан орталықтарының барлығында мектеп-интернаттар салынып жатыр.

«Мектептерді жабу мақсатымыз емес. Бұл - елді-мекендердің экономикалық жағдайымен, тұрғылықты халықтың аздығымен байланысты. Көп ауданда қазір мектеп-интернаттардың құрылысы басталды», - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.

Ақтөбеде үш ауысымда оқитын мектептер бар. Сәрсенбіде болған қала активінің мәжілісінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа оқу жылының басталуына 2 ай уақыт қалса да білім ордаларында әлі күрделі жөндеу жұмыстарының басталмағанын айтқан еді. Аймақта "21 ғасырдың мектебі" деп ауыз толтырып айта алмайтын білім мекемелері де кездеседі.