Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы, Әйке ауылдық округі, Тереңсай ауылында орналасқан «Саят» ШҚ иесінен 25 қаңтарда ветеринариялық қызметіне ірі қара малдардың ауруы туралы хабарлама келіп түсті.
ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлгінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Саят» ШҚ-на ветеринарлық мамандармен барып, 52 сиырдың 6-уы жем жемей қойған, ал клиникалық тексеру кезінде ауыз қуысында немесе жануарлардың денесінде қандай да бір зақымдану белгілері болмаған, соған қарамастан малдың аузынан сілекейдің көп мөлшерде бөлінуі байқалған.
Мал иесі жануарлардың ауру белгілері биылғы 23 қаңтарда басталғанын түсіндірді. Ветеринариялық дәрігерлер ветеринариялық-санитариялық ережелерге сәйкес ауыз қуысынан патологиялық материял және қан сынамалары іріктеп алынып, сол күні жедел тәртіппен ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа аусыл, ІҚМ инфекциялық ринотрахеиті, вирустық диарея, стоматит және улануға тексеруге авиакөлікпен жеткізілді.
Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша аусыл расталмады, жануарлар инфекциялық ринотрахеитпен ауырғандығы жөнінде диагноз қойылды.
Әйке ауылдық округі әкімінің шешімімен «Саят» ш/қ-на шектеу шаралары енгізілді және Республикалық эпизоотияға қарсы отряд ауру ошағын жою бойынша іс-шаралар жүргізу жұмыстары басталды. Жақын елді мекендерде орналасқан жануарларды клиникалық тексеру және халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өз кезегінде Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымын инфекциялық ринотрахеиттің тіркелгені туралы хабардар етті.
Сонымен қатар, биоматериал сынамалары жақын арада Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының халықаралық референттік зертханасына патогенді қайта растау және типін анықтау үшін жіберілетін болады.
Ақтөбе облысында 2022 жылдың маусым айынан бастап аусылға қарсы вакцинация жүргізілді, ол үшін республикалық бюджет есебінен облысқа ірі қара малға арналған 1,6 млн. доза және ұсақ малға 3,7 млн. доза вакцина бөлінді.
«Бүгінгі таңда аусылға қарсы жоспарлы вакцинация жүргізу үшін облыста ірі қара малға арналған вакцинаның 239,8 мың дозасы және ұсақ малға арналған вакцинаның 1,6 млн. дозасы бар»,-делінген хабарламада.