Прокурор соттан бозбаланы 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасың тағайындауды сұрады.
ERNUR.KZ. Ақтөбелік жас жігіт Қылмыстық кодекстің «Он алты жасқа толмаған адаммен бірнеше рет жыныстық қатынас жасау» бабы бойынша айыпталып, бас бостандығынан айырылды, деп жазады ҚазАқпарат.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған Т-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, сотталушы Т. 15 жасар А-мен бірнеше рет жыныстық қатынасқа түскен.
Сотталушы Т -ның кінәсі өзінің және жәбірленуші А-ның сотқа дейін тергеп-тексеру кезіндегі жауабымен, жәбірленушінің заңды өкілінің, куәлар мен сарапшылардың жауабымен, сараптама қорытындысымен толық дәлелденді.
Прокурор соттан сотталушы Т-ны 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасың тағайындауды сұрады.
«Сотталушы Т-ның жасалған ісі аса ауыр қылмыс санатына жатады. ҚР ҚК 122-бабының 3-бөлігінің 1-тармағында 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Басқа балама жаза осы баптың санкциясында қарастырылмаған. Жаза тағайындағанда сот Қылмыстық кодексте көрсетілген жазаның түрі мен мөлшерін басшылыққа алды. ҚР ҚК 81-бабының 7-бөлігі бойынша кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру жазасы 10 жылдан аспайтын мерзiмге тағайындалуы мүмкiн. Сотталушы Т-тың кәмелетке толмағаны есептелді. Жазасын ауырлататын мән-жай анықталған жоқ. Сонымен бірге сотталушы Т жәбірленуші сияқты кәмелет жасына толмаған. Тұрғылықты жерінде және оқу орнында жақсы мінездеме берілді. Сот жәбірленуші мен оның заңды өкілінің оған қояр талабы болмағанын әрі оны бас бостандығынан айырмауды сұрағаны ескерді», - деп түсіндірді судья Қиятбек Мырзабеков.
Айта кетейік, кәмелет жасқа толмаған Т-ға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Осы баптың санкциясын ескерсек, сот бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауға құқылы емес.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.