Бала тереңдігі 10 метрдей болатын резервуарға құлап кеткен.
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында кәмелетке толмаған бала элеватор жақта ойнап жүріп, тереңдігі шамамен 10 метрдей астық сақтайтын резервуарға құлап кеткен, деп жазады Azattyq Rýhy.
«30 мамыр күні сағат 23:31-де 102 телефонына хабарлама келіп түсті. Сағат 17:00-де Жанқожа батыр көшесіндегі үйлердің ауласынан 2013 жылғы кәмелетке толмаған бала жоғалып кеткен. Полиция қызметкерлері кешенді іздестіру шараларын жүргізіп, баланың болуы мүмкін жерлерді қарап шықты.
Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция инспекторлары іздестіру нәтижесінде элеватор ғимараты жанын тексерген уақытта Элеваторный көшесінде тереңдігі 10 метрдей болатын резервуардан жоғалып кеткен баланы тапты. Баланың жағдайы өте нашар.
Полиция қызметкерлері мен құтқарушылары оны резервуардан көтеріп шығарды. Қазір ол балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр», - делінген Полиция департаменті таратқан хабарламада.
Ақтөбе облысы ПД ата-аналардан балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді. Балаларға құрылыс алаңдары мен ғимараттар аумағында жүрудің ережесін үйрету керек. Ата-аналар балаларының қай уақытта, қай жерде жүргенін бақылауы қажет.