Ақтөбеде мектептің шыбын-шіркейін уламақ болған маман жұмыстан қуылды

0
693

​Білім ошағының жертөлесіндегі зиянкестерді улатпақшы болған шаруашылық меңгерушісінің басы бәлеге қалды.


Ақтөбеде мектептің шыбын-шіркейін уламақ болған маман жұмыстан қуылды

Ақтөбеде сабақ кезінде шыбын-шіркейді улауға рұқсат берген мектептің шаруашылық меңгерушісі жұмыстан қуылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Желіде осыдан екі апта бұрын №9 гимназияның оқушылары түсірген видео тарады. Сабақ кезінде бөлмені түтін алып кетеді. Өрт шықты деп шошынған балалар далаға атып шыққан. Сөйтсе мектептің жертөлесіне шыбын-шіркей мен тышқан улауға дизенфекция мамандары түтіндік қойыпты.

Ал мектеп директоры "сабақтың аяқталғанын күтпей улауға рұқсат берген – шаруашылық меңгерушісі" деп ақталды. Сондықтан басшы тек қатаң сөгіспен құтылды.

Сондай-ақ каникулды күтпей шыбын-шіркей улауға жол бергені үшін қалалық білім бөлімінің басшысы да жазасыз қалмады. Оған да сөгіс жарияланған.

"Нақты сабақ кезінде өткізгені үшін мектеп директорына және қалалық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс түрінде қатаң тәртіп жазасы қолданылды. Сонымен бірге осы шараның басы-қасында болған мектеп-гимназияның шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары жұмыстан босатылды", - деді Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.