Ақтөбеде олимпиадаға бара жатқан оқушылардың қазасынан соң екі қылмыстық іс қозғалды

0
802

Оқушылардың қазасынан соң өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті.


Ақтөбеде олимпиадаға бара жатқан оқушылардың қазасынан соң екі қылмыстық іс қозғалды

ERNUR.KZ. Оқушылардың өлімінен соң Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі және 141-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқушыларды неліктен полицияның алып жүрмегені тексеріліп жатыр, деп жазады inform.kz.

Оқушылардың қазасынан соң өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті. Онда Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова балалар мінген көліктің неге еш рұқсат алмағаны тексерілетінін айтты.

«Негізінен бұл шара Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығымен республикалық олимпиаданы ұйымдастыру аясында өткізіліп отыр. Министрлік бұйрығына сәйкес аудандық білім бөлімінің міндетін атқарушы арнайы бұйрық шығарған. Бүгінгі ақпаратқа сәйкес Темірастау мектебінен 10 балаға өтініш түскен. 10 баланы тасу үшін мектеп екі көлікке ұсыныс берді, полицияға хабарлады. Оларды Ырғыз ауданына дейін бірге апаруға. Бірақ жол апатына ұшыраған бес оқушы мен мұғалім басқа көлікпен шыққан. Енді соның себебі анықталады», - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова.

Ақтөбе облыстық Білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанның айтуынша, бір оқушының ата-анасы мен жүргізуші туыс болған. Олар өзара келісуі де мүмкін. Жалпы Ақтөбе облыстық Білім басқармасына қарасты мекемелерде 148 автобус бар. Бүгінгі күні Ырғыз ауданы бойынша Ырғыз гимназиясында ғана бір автобус тіркеулі.

«Жалпы балаларды олимпиадаға тасымалдау мәселелерінің барлығы белгіленген бұйрыққа сәйкес білім бөлімдеріне және жергілікті жердегі мектептердің басшыларына жүктелген. Ұйымдастыру кезінде кемшіліктер кетіп отыр. Жалпы балаларды олимпиада немесе қандай да болмасын шығармашылық шараларға қатыстыру үшін арнайы автобустар қаралмаған. Облыстық Білім басқармасына қарасты 148 автобус мектептерден 3 шақырым қашық тұратын балаларды тасымалдауға ғана жұмылдырылып отыр», - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова.

Қазіргі кезде екі қылмыстық іс қозғалды.

«Оқушыларды тасымалдау үшін үш күн бұрын сұраныс берілген. Көпшілігі аман-есен, төрт көзі түгел жетті олимпиадаға. Алайда Toyota Alphard автокөлігі сұраныс берілген көлік тізімінде жоқ. Қазір ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі бойынша іс қозғалды. Және де екінші қылмыстық іс бар. ҚР ҚК 141-бабы, яғни балалардың өмірі мен денсаулығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қозғалды. Бұл қылмыстық іс аясында қазір жауапты тұлғалардың жауапкершіліктері қаралады. Ал жүргізуші қамауға алынады», - деді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетов.

Айта кетейік, Ырғыз ауданына Ақтөбе облысының әкімі Бұлбұл Елеусінова, облыстық Білім және Денсаулық сақтау басқармаларының басшылары барады.

Еске салсақ, аман қалған оқушылардың жағдайы орташа ауыр. Бәрі де ауруханада жатыр. Ал жүргізушіге психологиялық көмек көрсетілді.