Өңірде бүгінде 500-ден астам үйдің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталуға жақын.
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға салынып жатқан жаңа үйлерге отандық құрылыс материалдары қолданылды, деп жазады sputnik.kz.
Ақтөбе облысындағы Әйтеке би, Ырғыз, Қобда, Ойыл, Мұғалжар, Темір аудандарында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Қобда, Мұғалжар аудандарында қазіргі кезде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
"Айлин СтройПроект" ЖШС-нің учаске басшысы Мерген Қанайбековтың айтуынша, қазіргі таңда Жағабұлақ ауылында 9 үй, Бірлік ауылында 5 үй салынып жатыр.
"Мұндағы құрылыс материалдары отандық өнім. Пластикалық терезе, аула ішіндегі тас Ақтөбе қаласынан, ал шарбақтар Қостанай қаласынан жеткізілді. Үйдің іргетасын, қабырғасына қажетті экоблок, кірпіш Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласынан әкелінді"- дейді Мерген Қанайбеков.
Ішкі жұмыстары аяқталып, қажетті техниканың бәрі орнатылды.
Ал Темір ауданы Құмсай ауылында 21 үй салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарына екі мердігер мекеме жауапты.