Ақтөбеде сыйақысыз қалған автобус жүргізушілері наразылыққа шықты

0
739

Жолаушылар автобусына жаппай валидатор құралы қойылып, электронды билет жүйесі енгізілгелі бері аймақта жүргізушілердің наразылығы жиілеген.


Ақтөбеде сыйақысыз қалған автобус жүргізушілері наразылыққа шықты

Ақтөбеде жиырма шақты автобустың жүргізушісі бүгін жұмысқа шығудан бас тартты. Себеп – жалақының аздығы, деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.

Жолаушылар автобусына жаппай валидатор құралы қойылып, электронды билет жүйесі енгізілгелі бері аймақта жүргізушілердің наразылығы жиілеген. Оның зардабы қарапайым халыққа тиіп жатыр.

Ақтөбелік автобус жүргізушілері қит етсе жұмысқа шықпай қалуды әдетке айналдырған. Олар биыл осымен алтыншы рет жолаушы тасудан бас тартып отыр. Бүгін «Автопарк» мекемесінің 17 автобусы жолға шыққан жоқ. Бұл- қаладағы халық көп мінетін 21,24 және 26 бағыттағы қоғамдық көліктер.

Тұрғындардың айтуынша, автобустар кеше түстен кейін-ақ көрінбей кеткен.

«Автопарк» мекемесінің директоры Ақарыс Тілеулесовтың айтуынша, кеше түстен кейін 37 автобустың жүргізушісі көліктерін ескертусіз тұраққа қойып кетіп қалған. Бүгін соның жиырмасы жұмысқа шықты. Қалғаны райынан қайтар емес. Жүргізушілер сыйақының қиылғанына өкпелі, дейді. Электронды билет жүйесіне көшкелі жолда тәртіп бұзған жүргізушілердің сыйақысы азайған.

"10 мың теңгеден 50 мың теңге арасында сыйақы қиылды. Ол біз ілік іздеп, жайдан-жай емес. Ол бір жүргізушіде бірнеше рет қайталануы, дөрекілігі, жолаушылардан шағым түсуі, оқушыларды алмай кетуі, кемістік сөздер айтуы, аялдамадан өтіп кетуі, балағат сөз айтуы. Қазір қаладағы жолаушылар тасымалында жүргендердің орташа жалақысы – 200 мың теңге", - дейді "Автопарк" ЖШС директоры Ақарыс Тілеулесов.

Автобус паркінің басшысы енді жұмыс кестесін бұзған, бірақ желіге шығуға ынтасы бар жүргізушілердің сыйақысын қайта қарап, бір мүмкіндік береміз деп отыр. Оларды жұмыстан шығара алмайды, себебі аймақта автобус жүргізетін маман тапшы.