Ақтөбеде тірідей жанып кеткен үш сәбидің анасы қатерлі дертке шалдыққан

0
649

Ақтөбеде тірідей өртеніп кеткен үш баланың анасы ауыр науқасқа шалдыққан. Қазір әйел қатерлі ісіктің 4-ші сатысында, жақында химия терапия алыпты.


Ақтөбеде тірідей жанып кеткен үш сәбидің анасы қатерлі дертке шалдыққан

ERNUR.KZ. Жол апатынан күйеуі мен үш баласынан айырылған әйелге Алға ауданының азаматтары қол ұшын созды, деп жазады Экспресс К.

Екі күнде аудандағы шаруа қожалық басшылары, кәсіпкерлер, еріктілер, жанашыр азаматтар мен қарапайым тұрғындар 5 миллион теңгеден астам қаржы жинап берді. Қайғылы оқиғаны естігеннен кейін Алға ауданы әкімдігінің қызметкерлері балаларынан айырылған әйелдің үйіне барып, бірден көмек көрсетуге кірісті.

Үш баланың ата-анасы Руслан Сұлтанов пен Светлана Сұлтанова балалар үйінде тәрбиеленіпті. Руслан 1976 жылғы болса, Светлананың ұлты орыс, 1980 жылы өмірге келген. Балалар үйінде танысып, кейін екеуі отбасын құрады. Осылайша өмірге үш баланы әкеліп тәрбиелейді. Үлкен ұлы 15-те, ортаншы қызы 16-да, ал кіші қызы 3 жаста екен. Былтыр жер үй алып соған көшкен. Күзде Руслан 3 миллион теңге несие рәсімдеп "Лада Ларгус" көлігін сатып алады. Ол кезде Ресейде жұмыс істеген. Өткен жылы әйелі тік ішектің қатерлі ісігіне шалдығады. Ауыр операцияларды басынан өткереді. Осындай жағдайдан кейін Руслан Ресейге баруды тоқтатып, вахталық әдіспен жұмысқа кіреді.

Үлкен ұлы Эльдар №4-ші мектепте баскетбол үйірмесіне қатысқан. Биыл қаңтарда ұлын Алматыдағы олимпиадалық резерв мектебіне жібермек болады. Алайда еліміздегі жағдайға байланысты наурыз айына шегеріледі. Жақында вахтадан келіп, айлығын алған Руслан ұлын киіндіріп, балаларын қыдырту үшін Ақтөбеге жиналады. Қайғылы оқиға осы кезде болған. Негізі екі баласын қыдыртпақ болған. Алайда кіші қызы да әкесінен қалғысы келмеген. Руслан өзі балажан жігіт. Қызының көңілін қимай оны да ала кеткен. Ал анасы жақында химия терапия алғандықтан, өзін жайсыз сезініп, үйінде қалыпты.

Қайғылы оқиға қала маңындағы оңтүстік айналма жолдың бойында болды. Үш бала тірідей жанып, Русланның өзі ауыр халде аурухана жеткізілді. Алайда ес жимай жансақтау бөлімінде көз жұмды.

"Қайғылы оқиғаны естігеннен кейін кешке Светлананың үйіне бардық. Ауданның азаматтары жиналып көмекке кірісті. Руслан мен үш баласын Ақкемер ауылында жерледік. Жолды ашып, қабіршілерді ұйымдастырдық. Кәсіпкер азаматтар қол ұшын созды. Мейрамхананы тегін берді. Садақасын жасадық. Еріктілер отын жарып, барлығы бір адамдай жұмылып көмек көрсетті. Ауданның кәсіпкер азаматтары мен тұрғындары 5 миллион теңгеден астам қаржы жинады. Ақшаны Светлананың емі, Русланның алған несиесі бар, яғни қажетіне жаратсын деген ниетпен апасы Эльмира Сұлтанованың шотына аудардық", — деді Алға ауданы әкімі аппаратының басшысы Болатбек Қанғожин.

Күйеуі мен үш баласынан айырылған әйелдің қасында қазір Русланның апасы Эльмира Сұлтанова отыр.

"Келініміз ауырғанда балаларын анасынан айырмасын де тілеп едік. Бірақ балалары анасын тастап кетті. Руслан әйелі ауырғаннан кейін мешітке барып, мұсылмандық жолмен некесін қиды. Әйелінен айырылып қаламын деп қатты қорықты", - дейді Эльмира көзіне жас алып.

Эльмираның айтуынша, Руслан көлікті жақсы жүргізген. Алайда сол күні апасына хабарласып жүрегі ауырып тұрғанын айтқан. Ол інісінің жол апатына ұшырауына осы себеп болды ма, әлде балалары алаңдатты ма деп ойлайды.

Руслан бес ағайынды. Анасы қайтыс болғаннан кейін оны балалар үйіне жіберген. Кейін әкесі ұлын қайтарып алады, Эльмира інісін өзі бағып, тәрбиелейді. Алайда қазір бес баладан тек Эльмира ғана қалыпты. Бауырларының көпшілігі жол апатынан көз жұмған. Жазда үлкен ағасы қан қысымынан қайтыс болыпты. Руслан соңғы кезде ағасын түсінде жиі көретінін айтқан.

"Қайғыдан не істерімізді білмей отырғанда бізді ешкім жалғыз қалдырған жоқ. Алғаның халқына алғысым шексіз. Аудан әкімдігі, кәсіпкерлер, мектеп мұғалімдері мен оқушыларға, ерікті азаматарға, яғни Алғаның тұрғындарына басымды иемін", - деді Эльмира.