Ақтөбеде тұрғын үй кешендерінің бірінде адамдар хлордан уланып қалды

0
451

Жедел жәрдем жағдайы ауыр екі тұрғынды ауруханаға алып кетсе, таң атқанда бір бала дәрігерлер көмегіне жүгінген.


Ақтөбеде тұрғын үй кешендерінің бірінде адамдар хлордан уланып қалды

Ақтөбеде тұрғын үй кешендерінің бірінде адамдар хлордан уланып қалды. Ғимараттың кәріз желісін тазартқан жұмысшылар химиялық қоспаны артығымен сепкен. Соның кесірінен тұрғындар жаппай жөтеліп, тынысы тарылғандарға жедел жәрдем шақыртуға тура келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

"Бүкіл үйді хлордың иісі алып кетті. Басымыз, ішіміз ауырды. Әлі ауырып жатырмыз. Жедел жәрдем мені де алып кетеміз деді, бармадым", - дейді тұрғындардың бірі Клара Әжниязова.
"Алтын орда" ықшам ауданындағы "Баян сұлу" кешенінің тұрғындары түнді далада өткізді. Пәтерлерді хлор иісі алып кетіп, үйде қалу мүмкін болмаған. Жедел жәрдем жағдайы ауыр екі тұрғынды ауруханаға алып кетсе, таң атқанда бір бала дәрігерлер көмегіне жүгінген.
Тұрғын үй кешеніне жауапты компания өкілдері күні кеше кәріз құбыры бітеліп, соны тазалағанын айтады. Артық қыламыз деп, тыртық қылғанын түсініп отыр. Жертөледегі күлімсі иісті жою үшін хлор сепкен екен. Ол ылғалды жерде бу болып көтеріліп, тұрғындарды улаған.
Хлор газын адам көп мөлшерде жұтса, өміріне қауіп төндіреді дейді мамандар.
"Уланған екі әйелді жедел жәрдеммен әкелді. Хлор буынан уланған деген диагнозбен медициналық жедел жәрдем ауруханасына, токсикология бөліміне жеткізді. Өкпеге әсері болады. Мөлшері көбейсе, өмірге өте қауіпті", - дейді Ақтөбе облысы жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері Марат Жанқұлов.