ҚазАқпарат -Ақтөбе облысында жол салатын көліктерді жүргізетін мамандар тапшы. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жұмыссыздарды қысқа мерзімді курстарға жібереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
фото: inform.kz
ҚазАқпарат -Ақтөбе облысында жол салатын көліктерді жүргізетін мамандар тапшы. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жұмыссыздарды қысқа мерзімді курстарға жібереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе облысында биыл 42 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарда бар. Шағын несие алушыларға 2,2 миллиард теңге қарастырылып отыр. Көбіне ауыл адамдары мал алып, оны бағып, өсіреді. «Ауыл халқы мал сатып алады. Кейде несиемен шаруашылық жұмысын бастап, өз ауылдастарын еңбекпен қамтамасыз етеді. Біз үшін жұмыссыз адамдарды бизнеске тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу маңызды. Биыл да өткен жылғы қаржы сақталып, 2,2 миллиард теңге қарастырылды. Әзірге, несие алып, оны қайтара алмай отырған бережақ адамдар жоқ. Өткен жылы несие алған 100-ден астам адам 352 миллион теңгені берді»,- деді Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров. Жоспар бойынша биыл 3 мыңнан астам адам техникалық-кәсіптік, қысқа мерзімді курстарда біліктілігін жетілдіріп, мамандық алады. Ал 2231 адам «Бастау-Бизнес» жобасы аясында қаржылық сауаттылықтарын арттырады. Қазіргі кезде Ақтөбе облысы үшін жол салу жұмыстарына қажетті мамандар қажет болып тұр. Жалақысы 200 мың теңге болатын жұмысқа сай келетін кадр аз. «Биыл Ақтөбе-Атырау тасжолының құрылысы басталады. «ҚазАвтоЖол» мекемесі ірі тасжолдардың құрылысы кезінде арнайы көліктерді жүргізетін мамандардың жоқ екенін айтты. Өткен жылы кәсіпорындар аясында оқу орталығын ашып, төрт кәсіпкер осы істі қолға алған болатын. Жол салу кезінде де осы әдісті пайдаланып, жұмыссыз адамдарды қысқа мерзімді курстарға жібереміз. Қазіргі кезде мердігер компаниялар 600-ге жуық жұмыс орын ашылатынын айтты. Алдымен жол салынатын аудан тұрғындарын оқытамыз. Аспаздардың да сол ауылдан алынғанын қалаймыз. Жетпесе облыс орталығындағы жұмыссыздар жіберіледі»,- деді Қайрат Отаров.