Ақтөбелік белсендіге әлеуметтік желіге пікір жазуға сотпен тыйым салынды

0
1 496

Сот осыған дейін үйқамақта болған Молдиннің бас бостандығын бір жылға шектеді.


Ақтөбелік белсендіге әлеуметтік желіге пікір жазуға сотпен тыйым салынды

ERNUR.KZ. Ақтөбе қалалық соты Әлібек Молдиннің бас бостандығын бір жылға шектеді, деп жазады nur.kz.

Қоғам белсендісі қылмыстық кодекстің 405-бабы 2-тармағымен тергеліп, тыйым салынған ұйым жұмысына араласқаны үшін айыпталған.

Ол "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарының жұмысына қатысқан.

Сот осыған дейін үйқамақта болған Молдиннің бас бостандығын бір жылға шектеді.

Ол енді бір жыл бойына пробация қызметінің бақылауында болады және мекенжайын өзгерте алмайды. Судья айыпталушыға әлеуметтік желі мен мессенжерлерге пікір жариялап, жазба қалдыруға да тыйым салды.

37 жастағы қоғам белсендісі өзіне қатысты шығарылған үкіммен келіспейді. Азаматтық ұстанымын білдіргені үшін қудалауға алынып жатқанын айтты.


"Міндетті түрде апелляциялық шағым түсіремін. Үкіммен келіспеймін. Мен Аблязовқа қатысты ештеңе айтқан жоқпын", – дейді Молдин үкімнен кейін.


Айыпталушы үш баланың әкесі, бұрын сотталмаған.

Сот барысына қоғам белсендісінің желіде қалдырған пікірлеріне психологиялық-филологиялық сараптама жасалған.

Молдин 2020 жылдың 10 қарашасынан бері үйқамақта отыр. Сот үкімінен кейін ешқайда кетпеу туралы қолхат жазып, сыртқа шыға алады. Оған тек қала аумағынан алыстауға тыйым салынды.