Зейнеткердің қолындағы құжаттары заңдық күшін жойған. Тіпті банк картасының өзі бұғатталған. Оны ретке келтіру үшін ол алдымен құзырлы орындарға өзінің тірі екенін дәлелдеуі қажет.
Ақтөбеде қария емханаға барып, өзінің бір күн бұрын "қайтыс болғанын" білген. Ромахан Кенжебаевқа мұны дәрігерлер естіртіпті. Оның барлық құжаты жарамсыз болып қалған.Жалақысын алу үшін енді ол өзінің тірі адам екенін дәлелдеуі керек, деп жазады Sputnik.kz.
68 жастағы Ромахан Кенжебаев емханадан ауырып қалғанын растайтын анықтама алмақ болған. Бірақ бұл әрекетінің соңы төбесінен жай түскендей әсер еткен. Сөйтсе ол құжат жүзінде бір күн бұрын қаза тапқан, деп хабарлады "Астана" арнасы.
"Алтысы жұмысқа шығуым керек еді, бесі күні маған емханадан қоңырау шалып тұр. "Дядя Рома, сіз қайдасыз?" дейді. Қайда болайын, үйдемін деймін. Тезірек келіңіз дейді. Барсам компьютерде мен 2022 жылдың 5 қазан күні сағат 12 қайтыс болған деп жазылып тұр", - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны.
Зейнеткердің қолындағы құжаттары заңдық күшін жойған. Тіпті банк картасының өзі бұғатталған. Оны ретке келтіру үшін ол алдымен құзырлы орындарға өзінің тірі екенін дәлелдеуі қажет.
"ЦОН-ға барсам, "Сіз өлген адамсыз!, қалай келіп тұрсыз?!" дейді. Жеке құжатымды көрсетсем, ешкім сенбейді. Менде енді құжат жоқ, банк картам да бұғатталған. Тіпті жалақы ала алмай отырмын", - дейді Ромахан Кенжебаев.
Сөйтсе, бұл өзге емханадан кеткен қателік екен. Статист-дәрігер жеке сәйкестендіру нөмірінің соңғы санынан жаңылысқан. Олқылық жіберген ақ халаттылар кешірім сұрап құтылды. Олар қатені жөндеп, зейнеткердің құжаттарын қалпына келтіріп беруге уәде етті.
"Ол кісіден өзіміздің атымыздан, емхананың атынан, дәрігердің атынан кешірім сұрадық. Жеке куәлігі, басқа құжаттарын жасап береміз. Қателік жіберген статист-дәрігерге тәртіптік жаза қолданылып, сөгіс жарияланды", - деп атап өтті Ақтөбе қалалық №4 емхананың бас дәрігері Мереке Нұртазин.
Абдырап қалған зейнеткердің көңілі орнына түсті. Енді ол туған күнімді екі рет тойлайтын болдым дейді.