Алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына хабарласу керек.
Фото: Tengrinews.kz / Турар Казангапов
ERNUR.KZ. Қазақстан Ұлттық Банкі алаяқтардың ҚҰБ-тың ресми бланкісін қолданып, жалған құжат ұсынған жағдайлар жиілеп кеткенін ескертеді, деп жазады tengrinews.kz.
Ұлттық Банктің атынан байланысқа шыққанда олар азаматтарға "кредиттік шоты" барын немесе кредит қарызын өтеу керек екенін хабарлап, жалған хат жібереді.
"Сенімге кіру үшін жалған құжаттарға Ұлттық Банктің "уәкілетті тұлғасы" қойған қолын, аты-жөні мен мөрін басады. Қаскөйлер мұндай жалған мәліметтерді азаматтарға ақша аудартып, қаражатын ұрлау үшін де ұсынады", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, олар Ұлттық Банк қызметкерінің бет-бейнесін қолдана отырып, жалған бейнероликтер жасау үшін жасанды интеллект технологияларын пайдаланады. Бұл ретте алаяқтар әлеуметтік желілерде жалған инвестициялық компаниялар туралы және ұрланған ақшаларды қайтару жөнінде тегін заңгерлік көмек көрсетеміз деп жарнама орналастырып жүргені айтылды.
"Осыған байланысты Ұлттық Банк азаматтарды қырағы болуға, күмәнді шоттарға ақша жібермеуге, дәйексіз хабарламалар мен тексерілмеген құжаттарға сенбеуге шақырады.
Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, азаматтарға кредит берумен айналыспайтынын, заңгерлік қызмет көрсетпейтінін, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырысу жүргізбейтінін еске саламыз", - делінген хабарламада.
Қазақстан Ұлттық Банкі үшінші тұлғалар тарапынан жасалатын алаяқтық әрекеттерге жол бремес үшін мемлекеттік органдардың немесе Ұлттық Банк қызметкерлерінің атынан бейтаныс адам қоңырау шалған кезде әңгімені тоқтатып, қажет болған жағдайда мемлекеттік органның ресми нөміріне өз бетінше хабарласуды ұсынады.
Алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына хабарласу керек. Кеңес алу үшін Ұлттық Банктің Байланыс орталығына 1477 қысқа нөміріне хабарласқан жөн.