Әлемнің 12 елінде тұратын қазақтарға ана тілінен сабақ өтті

0
704

«Бұл Түркия, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Бельгия, Германия, Франция, Иран, Қырғызстан, Украина, Моңғолия және Беларусьтегі қазақ диаспораларының 1 391 өкіліне 780 онлайн сабақ өткізуге мүмкіндік берді. 336 қатысушыға сертификат берілді.


Әлемнің 12 елінде тұратын қазақтарға ана тілінен сабақ өтті

2021 жылы Ақпарат және қоғамдық даму, Сыртқы істер министрліктерінің қолдауымен «Отандастар қоры» әлемнің 12 елінде қазақ тілін оқыту бойынша 31 онлайн сынып ашты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, тамыз және желтоқсан айларында сабақтар speaking club (сөйлесу клубы) форматында өткізілді.

«Бұл Түркия, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Бельгия, Германия, Франция, Иран, Қырғызстан, Украина, Моңғолия және Беларусьтегі қазақ диаспораларының 1 391 өкіліне 780 онлайн сабақ өткізуге мүмкіндік берді. 336 қатысушыға сертификат берілді.

Сонымен бірге қазақ тілін өз бетінше үйрену мүмкіндіктерін жасау мақсатында 30 онлайн-сабақ YouTube-те шығарылды», делінген хабарламада.

Ведомствоның хабарлауынша, биыл қандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, қазақ халқының мәдени мұрасын ілгерілетуге бағытталған басқа да маңызды шаралар іске асырылып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Қырғыз Республикасының астанасында «Abai üiı» мәдени-іскерлік үйі ашылды. Осылайша, мәдени-іскерлік үйлер жұмыс істейтін елдер саны алтау болды: Түркия, Германия, Украина, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақпарат және қоғамдық даму, Сыртқы істер министрліктерінің қолдауымен «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымдастырған Қазақтардың кіші құрылтайы ерекше маңызды болды. Кіші құрылтай биыл қыркүйек айында Ыстанбұлда өтті.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы Қазақстан-Неміс достығы қауымдастығымен және Жапониядағы қазақтар қауымдастығымен ынтымақтастықты дамыту бойынша 2 меморандумға қол қойылды.

Қазақ мәдени орталықтарымен, қазақ қауымдастықтарымен, шет елдердегі ҚР мекемелерімен мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланыстарды дамыту және кеңейту мақсатында 2021 жылы әлемнің 20 елінен 4 500-ден астам отандастың қатысуымен 15 іс-шара, 20 кездесу, 4 конференция, 4 онлайн-офлайн жоба өткізілді.