Әлеуметтік желіде лоторея өткізіп, байып жатқан жұлдыздарға тықыр таянды

0
1 373

Алдағы уақытта лотерея ойнатқысы келетін азаматтарға заңды түрде арнайы атақ беріледі.​


Әлеуметтік желіде лоторея өткізіп, байып жатқан жұлдыздарға тықыр таянды

Иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Инстаграмда лоторея өткізіп, мол қаржыға кенеліп жүргендерге тықыр таянды. Үкімет бұған тосқауыл қоюды көздейтін "Лотерея туралы" заң жобасын жетілдіруде, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

«5 мың теңгеге лоторея билетін сатып ал да, пәтерлі бол, 4 мың теңгеңді санап беріп, темір тұлпар тізгінде», деп әнші-жұлдыздар желіде жарнаманы жарып жатыр. Қызығып қатысып жатқандар көп. 2 мың адам осындай ұтысқа қатысқан күннің өзінде, бар-жоғы 2 миллион ғана тұратын көлігін жүлдеге тіккендер 10 миллион пайда көреді екен.


Лоторея ойнатқандар ұтқан адамнан үш есе көп пайдаға кенелді. Бір көлігін 5 мың адамға ойнатып, 5 машинаның ақшасын шығарып алады. Пысықтық па? Пасықтық па? Елімізде лотерея ойнатуға кім көрінгеннің ұйымдастыруына рұқсат жоқ. Ұтыс ойнатқыңыз келді ме? Қазақстан аумағында бұған заңды құқығы бар арнайы ұйымының алдынан өтесіз. Алайда, екі жеп, биге шығуды білетін желі жұлдыздары бұдан бейхабар секілді.

"Олар өздерінің лотерея ойынын ұйымдастырғысы келетіндерін айтып, хабарласулары керек. Қазақстан аумағы бойынша бірыңғай оператор бар. Сол ұйымнан басқа ешкім өз бетімен лотерея ойынын өткізе алмайды", - деді Қазақстан лотерея одағының өкілі Александр Мухин.

Бірақ, оны елеп жатқандар шамалы. Аумағы ат шаптырым пәтерін жүлдеге тігіп, су жаңа автокөлігін ұтысқа қойғандармен байланыспақ болдық. Бірі шетел асып, енді бірі, ұшақтан түскен бетім осы еді деп сылтауратты. Ал, бұған қатысты әлеуметтік желінің қыр-сырын жетік меңгерген блогер былай дейді.

"Не нәрсеге тыйым салынбаса, сол нәрсе заңды деген сөз бар ғой.
Мемлекет үшін бұл жерде интерес тек қана салық қой. Бүкіл әлемге қарасаңыз, блогер болсын, адамдардан ақша жинап алу іс-әрекеті болса, ол салық төлеуі керек. Әйтпесе, ол алаяқтық",
- дейді блогер Өркен Кенжебек.

Блогердің өзі мұны алаяқтық деп жатыр. Ал, арбалған азаматтардың құқығын қорғап, мүддесін жақтайтын заң бар ма?

"Заң әрқашанда бар, бірақ жұмыс жасамайтын заңдар бар. Бұл бойынша әкімшілік жаза қолдануға болады. Лизензиясыз жүзеге асыру Қылмыстық кодексте де қарастырылған", - дейді адвокат Жандос Тұяқов.

Ендігі мәселе заңға тіреліп тұр. Маусым айында Мәжіліске жүгенсіз кеткен ұтыс ойнатқыштарға тосқауыл қоятын заң жобасы ұсынылды. Күні кеше депутаттардан құралған арнайы жұмыс тобының алғашқы отырысында осы мәселені талқылады.

"Лотерея және лотерея қызметі деген заң бізде 2016 жылы қабылданған. Біздің қарастырып жатқанымыз осы заңды әрі қарай жетілдіру. Заңсыз өткен лотереяларға шара қолданылады. Оның барлығы жұмыс тобының барысында белгілі болады.

"Бұл атақ не береді оған? Тек лотерея таратып қана қоймай, жауапкершілік пен төлем төлеу мүмкіндігін береді. Бірақ лотерея әділ өтуі керек", - дейді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов.

Депутаттың айтуынша, алдағы уақытта лотерея ойнатқысы келетін азаматтарға заңды түрде арнайы атақ беріледі.

Сонымен алдағы уақытта лотереяны өткізудің ережелері мен тәсілдері де түрленеді. "Ал, көптің ермегіне айналған күмәнді ұтыстарға шектеу қойылғанмен, оның жетегінде кетпеу әр азаматтың өзіне байланысты" дейді мамандар.