Қаладағы жаппай тәртіпсіздік салдарынан 240 нысан зардап шекті.
Алматы әкімдігі ғимаратына 20 млрд теңгенің шығын келген. Бұл туралы Алматы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров қаланың тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Almaty арнасына сілтеме жасап.
Қазіргі таңда қаладағы жаппай тәртіпсіздік кезінде келген барлық шығын көлемі есептеліп жатыр.
«Алдын ала есеп бойынша шығын көлемі 112,6 млрд теңгені құрады. Оның 67 млрд теңгесі бизнес субектілеріне тиесілі», – деп атап өтті әкім орынбасары.
Сондай-ақ жаппай тәртіпсіздік салдарынан 240 нысан зардап шеккен. Олардың басым бөлігі – есік-терезесін ауыстыруды қажет ететін және жартылай өртенген нысандар. Атап айтқанда, 27 нысан – мемлекеттік мекеме ғимараттары, 216 нысан – шағын және орта бизнес ғимараттары.
«Әкімшілік ғимараттарға 22,6 млрд теңге шығын келді.Алматы әкімдігі ғимаратына – 20 млрд теңге, прокуратура ғимаратына – 2 млрд, полиция департаменті мен бөлімшелеріне – 205 млн, экобекеттерге – 163 млн, медицина нысандарына 2 млн теңгенің шығыны келген», – дейді Ілияс Өсеров.