Алматы облысындағы Сарыөзектегі ауруханада жүкті әйел көз жұмды.
ERNUR.KZ. 1988 жылғы әйел жүктіліктің 18-ші аптасында болған, деп жазады ҚазАқпарат.
«22 мамыр күні 1988 жылғы әйел Кербұлақ аудандық ауруханасына ауыр жағдайда түсті. Барлық тиісті ем-дом шаралары қолданылды. Бірақ, науқастың жағдайы күннен күнге нашарлай берді. Облыстың дәрігерлері арнайы консилиум жүргізді. Бірақ, өкінішке қарай науқас көз жұмды», - делінген Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, ауруханаға түскеннен кейін бір күн өткен соң яғни, 23 мамыр күні науқас түсік тастаған.
«Науқастың мүрдесі арнайы сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Оның қорытындысы шыққан кезде тиісті шешім қабылданатын болады. Қазіргі уақытта медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті кезектен тыс тексеру жүргізуді жоспарлап отыр. Оған тәуелсіз сарапшылар қатысатын болады», - деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.
Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы 1988 жылғы әйелдің өліміне нақты не себеп болғанын арнайы сот-медициналық сараптамасының қорытындысы шыққанда белгілі болатынын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысында өткен жылы 24 ана мен бала өлімі тіркелгенін хабарлаған болатынбыз.