Қазіргі уақытта кәмелеттік жасқа толмаған екі бала заңды өкілдеріне тапсырылды.
ERNUR.KZ. Оқиға Қарасай ауданында орын алған. Тосын дауыс шығып, көшедегі көліктің жүргізуші жағындағы есігіне зақым келген. Жүргізуші аудандық полицияға хабар берген. Болжам бойынша көлікке оқ тиюі мүмкін деген нұсқа қарастырылды, деп жазады Zakon.kz.
"Жедел іздестіру шаралары барысында көлікке залал келтірген күдіктілер анықталды. Олар Қостанай облысынан қонаққа келген 15-16 жастағы екі жасөспірім болып шықты. Олардың үйінен пневматикалық мылтық тәркіленді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 202 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр",- деп хабарлайды Алматы облысы ПД Баспасөз қызметінің өкілдері.
Алдын ала тергеу барысында екі бозбаланың ауладағы нысаналарды атып жүргенінде қаңғырған оқтың көлікке тигені анықталды. Қазіргі уақытта кәмелеттік жасқа толмаған екі бала заңды өкілдеріне тапсырылды.