Алматы облысында қаруланған 19 адам туған күн атап өтпек болған

0
1 194

Олардан 4 травматикалық тапанша, бір шолақ мылтық және 43 патрон анықталған.


Алматы облысында қаруланған 19 адам туған күн атап өтпек болған

ERNUR.KZ. Полицейлер Алматы облысы маңындағы ауылда туған күн тойламақ болған 19 адамды ұстады. Ұсталған адамдардан тапаншалар мен шолақ мылтық тәркіленді, деп жазады тengrinews.kz.

"Алматы облысының криминалдық полиция қызметкерлеріне Ақсу ауданында атыс қаруы бар бір топ адам жиналады деген ақпарат түсті. Қапал аулының шетінде орналасқан Кіші Шымбұлақ елді мекенінде бес автокөлікпен келген 19 адам ұсталды. Аталған тұлғалар туған күн тойлау үшін жиналған", - делінген хабарламада.

Toyota Camry және Lexus автокөліктерін тінту барысында облыс орталығының тұрғынына тиесілі 4 травматикалық тапанша, бір шолақ мылтық және 43 патрон анықталған.

Қару-жарақты заңсыз сақтау ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды.

Сондай-ақ ұсталған 19 адамға қатысты төтенше жағдай кезінде карантин режимін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылған, іс құжаттары ұсталғандардың тұрғылықты жері бойынша соттың қарауында болады.

Қару тәркіленген төрт адам уақытша қамау изоляторына қамалды.